Бірлігіміз жарасқан!

0 7

Алғыс айту күні қарсаңында Достық үйінің қызыл залында «Бірлігіміз жарасқан!» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті.

Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, құрылымдары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері, жастар және БАҚ қатысты.
Мерекелік жиын Жамбыл облысының әкімі, аймақтық ҚХА төрағасы Ербол Қарашөкеев бастаған қонақтар этномәдени бірлестіктер дайындаған көрмелер, қайырымдылық жобалары мен шығармашылық алаңшаларды аралап, танысумен басталды.
Салтанатты бөлім 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған тақырыптық бейнероликпен ашылып, Тараз қалалық жастар театры әртістерінің театрландырылған қойылымымен жалғасты. Бағдарлама аясында жаңа технологияның жемісі жасанды интеллект көмегімен LED экран арқылы жүргізушілердің құттықтауы көрсетілді.
Жиында Ербол Шырақпайұлы сөз сөйлеп, жамбылдықтарды мерекемен құттықтады. Өңір басшысы қоғамдық келісім мен этносаралық татулықтың маңызын атап, бірлік пен ынтымақтың ел дамуы үшін негізгі күш екенін жеткізді.
Салтанатты шара барысында облыстың бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері мен сала ардагерлеріне табыс етілді.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төрінде Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері, «Ақкербез» би ансамблі және өңірдегі орыс, украин, қарашай-балқар және басқа этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Салтанатты шараның шығармашылық нөмірлері Қазақстан халқының мәдени әралуандығын және бірлігін айқын көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп тарқасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.