Ардагерлерді ардақтау – асыл парыз

0 24

Ұлы Жеңіс күніне орай аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов аудандағы төрт ардагердің шаңырағына арнайы барып, Жеңістің 73 жылдығымен құттықтады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.

Диқан ауылының ең қарт тұрғыны Мұсақұл Иманбетов бүгінде 95 жаста. Соғыстың басынан аяғына дейін болып, одан кейін де әскери өмірдің ащы-тұщысын татқан Мұсақұл атай соғыстан соң ауылдағы колхозда т.б. мекемелерде еңбек еткен. Бүгінде денсаулығының сыр бергені болмаса, қария әлі де қара орман ұрпағының, қалың елінің тілеуін тілеп отырған жайы бар.

Б.Момышұлы ауылында тұратын соғыс ардагері Шәріпбай Ақжолов та 1950 жылға дейін әскери қызметте болған. Әскер қатарынан босап келген соң партиялық басқару саласында және кәсіподақ саласында ұзақ жылдар қызмет еткен. 90-нан асқан қария әлі тың. Ол да өз кезегінде мерекемен құттықтап келген аудан әкімі Б.Көпбосынов бастаған топқа алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Қарап тұрсақ, аудандағы төрт ардагердің де жастары 90-нан асқан. Николай Лебединский мен Тілеуберді Кебекбаев та соғыста болған қарт жауынгерлер. Олар да тиісінше, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде түрлі қызметтердің тізгінін ұстап, еңбек майданының да батырлары атанған.  Аудан әкімі аталған екі ардагердің де шаңырағында болып, мерекемен құттықтап және сый-сияпат тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.