Еліміздің ертеңі бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ұждан және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет-халыққа қызмет» — деп Елбасы белгілеп берген ұран аясында елге деген адалдықтың ақ туын абыроймен ұстану-баршамызға ортақ міндет екені хақ.
Жалпы, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес қызмет атқаруы – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады.
Мемлекеттік қызмет реформасы аясында мемлекеттік тәртіпті нығайту бөлігінде айтарлықтай өзгерістер болды. Атап айтқанда, биыл ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқалы органы болып табылатын Әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істей бастады.
Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру ауданда аудан әкімі аппаратының басшысы, Жуалы ауданы әкімі аппараты бойынша әдеп жөніндегі уәкілі Серік Қойбақовқа жүктелген. Серік Дүйсенбайұлы тоқсан сайын аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері мен бас мамандарын жинап, «Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары» бойынша жиын өткізіп, Әдеп кодексіндегі нұсқаулықтармен таныстырып, бағыт-бағдар беріп отырады.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің парасаттылық мәдениетін қалыптастырудың негізгі аспектілері көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайлары туындаған сәтте өзінің құқықтарын қалай қорғауға, қайда жүгінуге болатындығы жөнінде мәліметтер берілген. Қорыта айтқанда, әрбір мемлекеттік қызметкер қызметіне адал болуға, әдептілік нормаларын қатаң сақтауға тиіс.