Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізіліп жатқан шара аясында таяуда Жуалы ауданында «Ақ орамал» шеруі болды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің алдынан бастау алған шеруде ақ орамал тағынып, қолдарына «Сыбайлас жемқорлық — індет», «Қоғам дерті — жемқорлық», «Пара нәсіп болмайды», «Жастар адал жолды ұстанады» атты көрнекі ұрандар көтерген қыз-келіншектер Жамбыл көшесінің бойымен орталық алаңға қарай жүріп өтті. Шараның негізгі бөлігі орталық алаңда өтті.
Аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Күлбақыт Айтқұлова жемқорлық індетінің ел дамуына келтіретін зардабын айта келе, алаңға жиналған қыз-келіншектерді тамырын тереңге жайып бара жатқан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және болдырмауға, үйде тәрбиелеп жатқан ұл-қыздарына оның зияны туралы әңгімелеп отыруға шақырды.