Өскеменде Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде өңірде тағы бір «Алтын адам» табылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Бұл – Шығыс Қазақстан жерінен табылған бесінші «Алтын адам».
Қазба жұмыстарына жетекшілік еткен академик Зейнолла Самашев табылған «Алтын адамның» еш бүлінбегенін айтады. Барлық алтын бұйымдар сол күйінде сақталған.
«Бұл – біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырға жататын Ерте сақ дәуірінің мұрасы. Есік қорғанынан табылған «Алтын адамнан» да көне. Екеуінің арасында 3 ғасыр айырмашылық бар. Осылайша араға 50 жыл салып қазақ даласынан екінші рет тоналмаған «Алтын адам» табылды», – дейді археолог.
Елеке сазында жерленген адамның жасы 16-17 жас мөлшерінде деген болжам бар. Оның қасына ересек адам қойылған екен. Археологтың айтуынша ол қатты тонауға түскен. «Ал бозбаланың мүрдесін тонаушылар байқамаса керек» – дейді ғалым.