Жамбыл облысы Қордай ауылында қаскөйлердің қолынан ауыр жарақат алған Владимир Бойко ауруханада жатып қайтыс болды. Дәрігерлер 68 жастағы зейнеткердің өмірін сақтап қала алмады. Ал оны өлімше етіп сабағандар әлі күнге ұстатпай жүр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA КТК арнасына сілтеме жасап.
Марқұм мен оның жұбайы Лидия Бойко екі жеті бұрын Бішкектегі ауруханаға жатқызылған еді. Үйлеріне түскен ұрылар зейнеткерлердің қол-аяғын байлап, ауыздарын скочпен матап әбден азаптаған. Әсіресе, Владимир Бойко қатты зардап шекті. Оның бірнеше қабырғасы сынып, тістері түгел қағылған және басына да ауыр соққы тиіп, денесі көкала қойдай болған.
Сау-тамтығы қалмаған қария өмірінің соңғы күндері тіптен ес-түзсіз жатқан еді.
Ал марқұмның шаңырағына түскен қарақшылар 500 еуро мен 100 мың теңгені үптеп кетті. Қазір оларға іздеу жарияланған. Бірақ қарақшылар әлі ұсталмапты. Тіпті Қордай тұрғындарын аяғынан тік тұрғызған қаскөйлер туралы облыстық ішкі істер департаменті де мардымды мәлімет бермей отыр.
Сондықтан өз қауіпсіздіктеріне алаңдаған жұрт тәртіп сақшыларының дәрменсіздігіне наразылық білдіріп, ұрылар ұсталғанша ауданда команданттық сағат жариялауды талап еткен болатын.