Байзақ ауданында 17 ауыл ауыз сумен қамтылған

0 10

Байзақ ауданы аумағындағы 43 елдімекеннің 17 ауылы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, нәтижесінде 3 300 абонент таза ауыз суды тұтынып отыр. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Биылғы жылы мемлекет қаржысы есебінен ауыз су жүйесі құрылысына 1,4 млрд. теңге бөлініп, Кеңес, Абай, Тегістік ауылдарымен бірге Мырзатай ауылдық округіне де ауыз су кіргізу жұмыстары жүргізілуде.

Жуырда Байзақ ауданының Тегістік, Абай және Мырзатай елді мекендерінде су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Игілікті істің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев аталған ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, таза судың адам өмірінде алатын орнына тоқталды. Өңір халқын таза сумен қамту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, тереңнен тартылған ауыз суды әрбір отбасы үйіне кіргізіп алудың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан соң құрылысты жүргізген мердігерлер: «Сафия Нұр», «Алматы ТехПромСтрой», «Строители Века» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директорлары Мақсат Силкимов, Бақытбек Кемежанов, Сергей Титаренко ауылдық округ әкімдеріне нысанның кілтін табыстады.Аталмыш ауылдық округтердегі ардагерлер алқасының төрағалары Мұхамеджан Садырқұлов, Амангелді Әлімбаев және Жорабек Мұстафин сөз алып, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында тер төгіп жүрген облыс, аудан басшыларына алғысын жеткізді. Ардақты ана К.Белгібаева да жүрекжарды лебізін білдірді. Бұдан соң нысанның лентасы қиылып, шашу шашылды.

Сонымен қатар, тұрғындардың тұрғын үй жер учаскелеріне деген сұраныстарын қанағаттандыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінгі күнге, аудан бойынша тұрғын үй жер кезегінде 4 054 азамат тұр.

Өткен жылы 3 елді мекенге аудандық бюджеттен 4,5 млн. теңге бөлініп, бас жоспары мен бөлшектеп жоспарлау жобалары әзірленді. Ал ағымдағы жылы 3 ауылда жалпы көлемі 45 га тұрғын алқаптарына 367,2 миллион теңгеге инфрақұрылым жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Мәселе шешілген жағдайда 360 азамат тұрғын үй жер учаскелерімен қамтамасыз етілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.