Әулиеата өңірінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Электронды архив» бағдарламасын енгізу үшін 15 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен баспасөз конференциясында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.
Аталған бағдарлама аясында халқымыздың тұрмыс-тіршілігін көрсететін, тарихымыздан сыр шертетін, еліміздің қасиетті де қастерлі ұлттық кодымыздың бірі — құнды жәдігерлерге және халықтың архивтік қызметі алу процесіне қолжетімділігі артады.
— Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облыстан 8 тарихи-мәдени ескерткіш, өңірлік қасиетті орындарының картасына Жамбыл облысынан 27 ескерткіш іріктеліп, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптарына енгізілді. Биылғы жылы «Әулиеатаның қасиетті жерлерінің картасы» жобасы іске асырылады. «Әулиеатаның киелі жерлері» атты арнайы сайт ашылып, виртуалды онлайн карта жасалмақ. Мультимедиялық өнімдер, карта және 3 тілде кітап-альбом шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакралды картаның» 3D форматы енгізіледі. Әулиеата өңірінен шыққан біртуар ұлт перзенттері мен ақын-жыршы, батырлардың есімін ұрпақ жадында жаңғырту, өскелең ұрпақты салт-дәстүрімізді сақтап қалуға бағыттау мақсатында «Әулиеата өңірінің көптомдық әдеби энциклопедиясын» сериялармен шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деді бсқарма басшысы.
Сондай-ақ, ауыл кітапханаларын жаңғырту, оларға келушілерді көптеп тарту мақсатында кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтар, коворкинг-орталықтар ашылуда. Мәселен, Ш.Уәлиханов атынағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Қордай ауылы Әлжан ана, Байзақ ауданы, Түймекент, Дихан және Сарысу ауданы Жайылма ауылдарында цифрландырылған ақпараттық орталықтар іске қосылса, ал Жуалы, Меркі аудандары мен Тараз қалалық кітапханаларында коворкинг-орталықтар ашылды.