«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қорғалған тасымалдағышта шығарылған электронды цифрлық қолтаңба кілттерінің қолданылу мерзімінің ұзартылуы туралы айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мемлекеттік қызметтерді алушылар тіркеу куәліктерінің (электронды цифрлық қолтаңба кілттері) жеке куәлік, eToken PRO 72K, JaCarta, Kaztoken, Akey сияқты қорғалған тасымалдағыштардағы негізгі ақпарат 3 жылға дейін сақталады.
Файлдық жүйеге шығарылған ЭЦҚ кілттерінің жарамдылық мерзімі өзгермейді, яғни 1 жылға беріледі. Өйткені файлдық жүйе сертификатталғандар санатына жатпайды, әрі жабық кілттерді ұзақ уақыт қауіпсіз сақтауға мүмкіндік бермейді.
«ЭЦҚ кілттерінің жарамдылығын ұзарту азаматтардың қолайлығы үшін жүзеге асырылған шара. Егер де бұдан бұрынғы уақытта мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылар кілттерді «электрондық үкіметтің» порталындағы жеке кабинет арқылы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ бөлімшелеріне жыл сайын барып мерзімін ұзартып отырған болса, ендігі уақытта ЭЦҚ-ны қайта шығару үшін үш жылда бір рет аталған бөлімшелерге баратын болады», — деп атап өтеді аталған компания баспасөз қызметінен.
Естеріңізге салсақ, ЭЦҚ кілттерінің мерзімінің аяқталуына 30, 15, 7 күн қалғанда, пайдаланушының электронды поштасына (егер де ЭЦҚ кілтін алу барысында өтінімде поштасын көрсеткен болса) ЭЦҚ кілттерін қайта шығару керек екендігі туралы хабарландыру келеді.