2018 жылдың 24 тамызында, сағат 10.00-де Тараз қаласы «Достық үйінің» мәжіліс залында Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен мемлекеттік қызмет саласындағы баспасөз қызметкерлеріне арналған «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты семинар-тренинг өтеді. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.
Аталған шарада «Ақпарат таратуда ескерілетін басты қағидалар және жылдам әрі шұғыл ақпарат таратудың тиімді жолдары», «Баспасөз қызметкерінің жауапкершілігі», «Мекеме жаңалықтарының БАҚ беттерінде көрініс табуы және оны ұйымдастырудағы баспасөз қызметінің рөлі» жəне тағы басқа тақырыптарда дәріс оқылады.
Дәріс оқитын мамандар — қазіргі таңда жаңа медиа саласында Өркен Кенжебек пен Жарқын Түсіпбекұлы жоғары деңгейде қызмет етіп, әртүрлі тақырыптағы семинарларға қатысып жүр. Мәселен, бұған дейін Өркен Кенжебек “Ақпарат саласының үздігі” және республикалық “Нұр сұңқар” байқауының “ең үздік блогер” аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ал Жарқын Түсіпбекұлы 2017 жылы БҚО әкімі аппаратының баспасөз-хатшысы қызметін атқарған кезінде БАҚ сауалнамаларының нəтижесінде “Жергілікті атқарушы органдар арасында ең үздік баспасөз қызметі” номинациясын иеленген болатын.
Ақпарат майданында қаперде жүрер тың тәсілдер мен креативтік идеялар жөнінен баспасөз хатшылары тәлім алған семинар-тренингті облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, бастаманың мақсатымен таныстырып, тренинг тізгінін бірі Астанадан, бірі Оралдан жеткен қос тренер жалғастырады.
Айта кетейік, биылдан бастап облысымызда аудан әкімдіктерінің баспасөз қызметін жандандыру бастамасы қолға алынғаны белгілі. Бірақ ол қызметке бекітілген мамандардың бәрінің бірдей біліктілігі толысып тұр дей алмаймыз. Сол себепті, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесе «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты семинар-тренинг ұйымдастырып отыр. Оған облыс әкімдігі басқармаларының және аудан әкімдіктерінің баспасөз хатшылары мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысады.