БҒМ: Мектеп жетіспеушілігі жеке сектор арқылы шешіледі

0 1

Балабақшалар секілді алдағы уақытта Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында орта білім беретін мектептер ашылатын болады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында брифинг өткізген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Апаттық, үш ауысымды мектептер турасында мәселе шынында да бар. Әлі шешілген жоқ. Биыл немесе келесі жылы ол мәселені біржақты етеміз деп кесіп-пішіп айтуға өте қиын. Неге? Себебі, Алматы немесе Астана қалалары туралы айтар болсақ, бұл жерде демографиялық және миграциялық, урбанизациялық сұрақтар туындайды. Демек, жыл сайын үлкен қалаларға адамдар көптеп көшіп жатыр. Мәселен, бір ғана Астанаға өткен жылы 17 мыңдай бала келген. Демек, өткен жылы ғана бізге қосымша кем дегенде 15 мектеп салу керек болатын. Демек, мәселе өте ауқымды», — дейді вице-министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, биыл республикалық бюджет есебінен елімізде 110 мектеп салынып жатыр. Жылдың соңына дейін 72 мектепті пайдалануға беру көзделген.

«Республикада 127 үш ауысымды мектеп, 44 апаттық мектеп бар. Бұл мәселе жылдан жылға алдымыздан шығып отыр. Біз мәселені республикалық бюджеттің есебімен ғана шешу керек деп отырған жоқпыз. Жыл сайын біздің елде жүздеген мектеп салынуда. Десе де, бұл қарқын түпкілікті мәселені шешпейтінін көргеннен кейін біз жан басына қарай қаржыландыру жүйесі арқылы ретке келтіргіміз келеді», — дейді ол.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, бірнеше жыл бұрын ғана елімізде мектепке дейінгі біліммен қамтудың деңгейі 66 пайыз болатын. Қазір бұл көрсеткіш — 93 пайыздық дәрежеге жеткен.

«Мәселе қалай шешілді? Біз ең алдымен жеке секторды тарттық. Мемлекет басшысының бастамасымен «Балапан» бағдарламасын қолға алдық. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік жұмысты жолға қойдық. Мәселен, соңғы 7 айда пайдалануға берілген 40 мың орынның 30 мыңнан астамы жеке серіктестер арқылы ашылған. Демек, біздің қадам жеке секторды жігерлендіреді. Пилот басталады. Ол жеке мектептерде мемлекеттік тапсырыстар бойынша жұмыс жүргізіледі. Бірақ, бұл ретте тегін орта білім беру бәрібір сақталатынын айта  кеткіміз келеді», — деп түйді Асхат Аймағамбетов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.