Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Десе де, елімізде инклюзивті білім беру жүйесі жеткілікті дәрежеде дамыды деп айта алмаймыз. Өткір мәселе туралы Фейсбуктегі парақшасында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов жазды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Вице-министр атап өткендей, педагогтардың тамыз кеңесі аясында инклюзивті білім беру бойынша үлкен секция өткізілген. Оған бүкіл Қазақстаннан бес жүзге тарта маман қатысқан.
Қолда бар мәлімет көрсетіп отырғандай, соңғы 20 жылда аутизм спектрімен ауырғандардың саны артып келеді.
«Инклюзивяны кей кезде материалдық-техникалық мәселелердің, пандустар мен өзге де заттардың аясында түсіну жағдайлары кездеседі. Бірақ, пандустар мен кедергісіз орта жүйесін 100 пайызға жеткізсек те, біз бейімделген оқу бағдарламасына, ондай балалардың мүмкіндігін білетін мамандарға, оқып жатқандармен әртүрлі деңгейдегі жұмыс құру білуге қатысты күрделі мәселелермен бетпе-бет келуіміз мүмкін», — дейді вице-министр.
Аталған мәселелердің ішінде — тьюторлардың болмауы да бар. Асхат Аймағамбетов түсіндіріп өткендей, тьютор — бала мен педагог арасындағы делдал немесе жеке көмекші.
«Мектептерде ол туралы баяғыдан айтылып келеді. Міне, сондықтан, министрлік Типтік штатқа өзгеріс енгізіп, тьюторлардың штатын көбейтіп жатыр», — дейді ол.
Екіншіден, бұрын ақыл-есі кем балаларға арналған мектептердің түлектеріне тек анықтама берілетін. Міне, бұл шектеу балалардың құқығын бұзып, олар колледжге түсе алмайтын. Себебі, колледждерде тек аттестатпен оқуға алады. Ендігі уақытта, вице-министр атап өткендей, осы мәселені реттеу үшін 30-шы бұйрыққа өзгеріс енгізіліп, ерекше қажеттілігі бар адамдарға аттестат берілетін болды. Сонымен бірге, колледждерге қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізіліп, арнайы мектептердің түлектеріне колледждерге оқуға түсуге мүмкіндік туып отыр.
Тағы бір өткір мәселелердің бірі ауытқушылықтың барлық 8 түрі бойынша арнайы мектептерге арналған Типтік оқу жоспарлары мен бағдарламалар жоқ болатын. Жылдар бойы мұғалімдердің өздері қажеттілігі бар балаларға оқу бағдарламасын барынша бейімдеп келген.
«Енді бұдан былай арнайы мектептер мен балабақшаларға арналған бағдарламалар мен Типтік оқу жоспарлары жасап шығарылды», — дейді Асхат Аймағамбетов.