Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Гузалия Гафурованы Азия ойындарындағы жеңісімен құттықтады. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.
— Бүгін жамбылдық спортшы Гузалия Гафурова Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында каратэден әйелдер арасында 68 келі салмақта жеңімпаз атанып, ел қоржынына алтыншы алтын медальды салды. Алтын медаль үшін өткен айқаста отандасымыз қытайлық қарсыласы Танг ЛинЛинді 2:0 есебімен жеңді. Гафурова финалға дейін Өзбекстан, Иран, Вьетнам спортшыларынан басым түсті.
Құрметті Гузалия, сізді Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің бүгінгі табысты жеңісіңіз — Қазақстанның, сондай-ақ өзіңіз туып өскен өңірдің спорттағы беделін асқақтатып, көпшіліктің мерейін өсірді. Байрақты бәсекеде бас бәйгені жеңіп алуыңыз — ел-жұртыңыз үшін үлкен қуаныш болса, кейінгі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге болмақ. Ел намысы сынға түскен халықаралық жарыстарда Әулиеата өңірінің спортшылары қашан да биіктен көрініп, мемлекетіміздің, өңіріміздің мақтанышына айналған. Сіз бүгін Азияның кіл мықтыларын жығып, араға төрт жыл салып Азия құрлығының екі дүркін чемпионы атанып, ел мақтанатын мәртебелі спортшыларымыздың қатарына қосылып отырсыз. Алдағы уақытта дүбірлі додаларда биік белестер мен асуларды бағындыруға тілектеспін және Джакартада сынға түсіп жатқан еліміздің басқа спортшыларына да сəттілік тілеймін!
Еске сала кетейік, Бұл – қазақстандық спортшы қыздың осындай дәрежедегі сайыста жеткен екінші ірі жеңісі. Алғаш рет Азия ойындарына 2014 жылы қатысқан болатын.
«Осы жылы қиын болды, өйткені қабырғам жарақаттанған. Өткен жолы осындай ірі сайысқа алғаш рет қатысқан едім, қарсыласым кім екенін білмедім. Осы жылы бірінші жекпе-жектен-ақ бәрі финалға дейін белгілі болды. Мына жарақатпен жеңіске деген үмітім 70 пайыз еді», – деді Гузалия Гафурова.