Мемқызметшілердің санын қысқартамыз — Алик Шпекбаев

0 8

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бюджет шығындарын қысқарту арқылы жалақыны көтеру мәселесіне тоқталды, — деп xабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Президенттің нақты тапсырмасы бар. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру керек. Біз аталған міндетті орындауға міндеттіміз. Келесі жылдан бастап еншілес кәсіпорындарды оңтайландырамыз ба, қысқартамыз ба, бірақ осы мәселені шешуіміз керек. Әрине, кейбір мемлекеттік органдарда қысқартулар болады. Қалай болса да, біз әкімшілік шығындарды қысқарту мәселесін жіті бақылауымыз қажет», — деді А.Шпекбаев «Астана — адалдық алаңы» жобасы аясында өткен жиында.

Оның айтуынша, бүгінде кез келген кәсіпорынның ұйымдастырушылық-құқықтық формасын ауыстырып, бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге болады. Ол ақшаға жалақыны да көтеруге мүмкіндік бар. Ең бастысы, мықты әрі кәсіби басшылар болуы қажет.

«Мәселен, Астандағы балалар үйін алайық. Біз оның ұйымдастырушылық-құқықтық формасын өзгерттік. Бұрын коммуналдық мемлекеттік мекеме болса, қазір коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Соның нәтижесінде мықты менеджерлер келді. Нағыз патриоттар екен. Қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Бұған дейін минималды жалақы 33 мың теңге болды. Бүгінде 120 мыңға дейін көтерілді. Ал басшылардың жалақысы 120 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін өсті. Осының өзі бюджетті дұрыс басқару арқылы біраз нәрсені өзгертуге болатынын көрсетіп отыр. Ондай тәжірибені кеңінен таратуымыз қажет», — деп атап көрсетті А.Шпекбаев.

Айта кетейік, бүгінгі жиында Астана әкімі Әсет Исекешев бюджеттік сала қызметкерлеріне 1 миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй куәліктерінің берілетінін мәлімдеді.

«Қазіргі кезде біз қала қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы іске асыратын ойымыз бар. Тұрғын үй куәліктері арқылы біз мұғалімдер, дәрігерлер және тағы басқа мамандардың баспана мәселесін шешуді көздейміз», — деп атап көрсетті Ә.Исекешев.

Ал ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқушылардың барлық бағаларын онлайн режимде бақылап отырғанын жеткізді.

Алдағы уақытта балабақшалар арасында орынды өзара келісіп ауыстыруға тыйым салынбақшы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.