Сарысу ауданында егін жинау науқаны мен күзгі дала жұмыстары басталды, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі, Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда егін орағына қажетті техниканың барлығы күзгі дала жұмыстарына жұмылдырылған. 28 комбайн, 26 автокөлік, 14 трактор тіркемесімен астық алқаптарында жүр. Астық сақтайтын 10 қойма сапалы жөндеуден және дəнді дақылдардың зиянкестеріне қарсы химиялық өндеуден өткізілді.
Биылғы жылдың өнімі үшін 2500 гектар алқапқа күздік бидай, 2245 гектарға жаздық арпа, 1120 гектарға дәндік жүгері, 7755 гектар жерге майлы дақылдар, 520 гектарға көкөніс және бақша, 126 гектарға картоп, 5404 гектар алқапқа көп жылдық өсімдіктердің тұқымын себу жоспарланған болатын.
Бүгінгі таңда 4745 гектар масақты дақылдар, оның ішінде 2300,1 гектар күздік бидай, 2322,6 гектар жаздық арпа орылып, тиісінше 18,0 және 18,1 центнерден өнім жиналды. Қазірге дейін 8320,86 тонна астық қамбаға құйылып үлгерді.
Ағымдағы жылы 99 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған меже 99%- ға орындалды. 98979 тонна азық төрт түлік үшін дайындалды.
Су үнемдеу технологиясын егіс алқабына енгізу көлемі де ұлғайды. Аудан бойынша заманауи технологиямен суарылатын алқап көлемі 100 гектарға жетті. Тамшылатып суару технологиясын тиімді қолданып отырған шаруашылықтың бірі — Жаңаталап ауылдық округінде орналасқан «Жантөре-Саудакент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кəсіпкер биыл 45 гектар алқапқа дәндік жүгері, 30 гектар жерге пияз және 25 гектарға бақша дақылдарын егіпті. Тиімді технологияның арқасында былтырғы жылмен салыстырғанда өнім көлемі 33 %-ға артып отыр.
Биыл Сербия және Ресей елдерінен гибрид тұқымдары әкелініп, тиісінше бақша дақылдарынан гектарына 230-240 центнерден, пияздан гектарына 170-190 центнерден өнім алынуда.
Айта кетейік, Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы тиіс» деген болатын. Осыған орай, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да әзірленді. Бүгінде бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе, асыраушы саланы алшаң бастыру мақсатында мал шаруашылығына жіті көңіл бөлініп, ет кластерін ұлғайту мықтап қолға алынуда. Бұл ретте, мемлекеттік бағдарламаның жемісті болуына Сарысу ауданы да өлшеусіз үлес қосып жатыр.