Ақмола облысының Щучинск қаласында шаңғы жарысынан Қазақстанның жазғы біріншілігі өтті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, «Бурабай» кешенінде өткен додада спортшылар төрт бағдарлама бойынша бақ сынады. 2 қыркүйек күні кросс бәсекесі басталса, кейін шаңғы роллерінен жекелей спринт, классикалық әдістегі жекелей сын және еркін әдіспен із кесу жарысы өтті.
Ел біріншілігіне Қазақстанның 11 облысынан 120 спортшы, Ресейден 3 атлет қатысты.
«Халықаралық шаңғы федерациясының қолдауымен шаңғы роллерінен алғаш рет ел біріншілігін өткіздік. Бұл біздің шаңғышылардың әлемдік рейтингтегі өз нәтижелерін жақсартуға көмектесті. Сондай-ақ, әлем чемпионы әрі Олимпиаданың қола жүлдегері, ресейлік Алексей Петуховтың жарысқа қатысуы отандық спортшылардың тәжірибесін арттыруға септігін тигізгені анық», — деді шаңғы спортынан Қазақстан командасының спорттық менеджері Александр Батяйкин.
Сонымен қатар, чемпионат барысында төрешілер семинары, кәсіби спортшылардың ашық сабағы және РФ еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Каминскийдің бапкерлерге арналған жиыны ұйымдастырылды.