Жамбылдық кәсіпқой боксшы қыз Фируза Шарипова жеңіл салмақта IBA чемпиондық атағын қорғап қалды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жерлесіміз Санкт-Петербургтегі «Club A2» аренасында өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Юлия Куценкомен жұдырықтасты. 10 раундқа жоспарланған кездесу соңына дейін жалғасып, төрешілер шешімі бойынша басымдық байқатқан отандасымыз жеңіске жетті.
24 жастағы қазақстандық боксшы қыз кәсіпқой бокстағы тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді. Оның төртеуінде уақытынан бұрын қарсыласын жеңіп шыққан. Ал, ресейлік Юлия Куценко болса мансабында алғаш рет жеңіліс тапқан.
Фируза Шарипова IBA чемпиондық атағынан өзге екінші жеңілірек салмақта IBO және WBC Silver белбеулеріне ие. Санкт-Петербургтегі жекпе-жекке WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына ие фин боксшы қызы Ева Вальстрем де арнайы келген. Фируза оның алдағы басты қарсыласы.
Қазақстандық боксшы қыз жанкүйерлеріне алғыс айтып, абсолютті чемпион атану үшін күш салатынын жеткізді.