Аймақ басшысы Азия ойындарында ел намысын қорғаған жамбылдық спортшыларды қабылдады

0 3

Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов Индонезия астанасы Джакарта және Палембанг қаласында өткен Азия ойындарында ел намысын қорғаған жамбылдық спортшылар Гузалия Гафурова, Асланбек Шымбергенов, Әбілхан Аманқұл, Руслан Жапаров, Әділ Қасқабай, Светлана Голендованы қабылдап, құрмет көрсетті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды. 

Спортшылармен кездесу барысында облыс басшысы өңір спортының өркендеуі үшін барлық жағдайлар қарастырылғанын айта келіп, жергілікті атқарушы билік тарапынан алдағы уақытта да спортшыларға көрсетілетін қолдау толастамайтынын жеткізді.

Облыс әкімі жүлдегерлеріміздің Азиада ойындарында лайықты деңгейдегі нәтиже көрсеткенін айта келіп, Алғыс хатпен марапаттады. Жерлестеріміздің алдағы уақытта да толайым табыстарға қол жеткізе берулеріне тілектестігін білдірді.

Индонезия елінде өткен Азия ойындары бойынша таяуда аймақтардың рейтингі шығарылды. Нәтижесінде, Азиадада ең көп медаль алған облыстар рейтингінде біздің өңір үшінші орынға жайғасты.

Айта кетейік, аталмыш додада каратэ-до спортының шебері, 68 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Гузалия Гафурова алтыннан алқа тағынып, спорттық мансабында екінші рет (төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында чемпион атанған) Азиада чемпионы атағына қол жеткізді. Сонымен қатар боксшылар Асланбек Шымбергенов (69 килограмм салмақта), Әбілхан Аманқұл (75 килограмм салмақта) топқа түсіп, күміс жүлдегер атанса, су добынан Қазақстан қыздар құрамасы сапында «Айша бибі» су добы клубының 13 ойыншысы жарысқа қатысып, қола жүлде иеленді. Сондай-ақ су добынан Азиада чемпионы атанған ерлер құрамасы сапында Алтай Әлтаев додаға қатысқан болатын. Бұдан бөлек, жеңіл атлетикадан командалық эстафеталық жарыста 4х100, 4х400 қашықтықтары бойынша топқа түскен Светлана Голендова екі қола медаль, таэквондодан +80 килограмм салмақ дәрежесінде аламанға қатысқан Руслан Жапаров пен жүзу спортының шебері Әділ Қасқабай 4х400 метр қашықтықтағы командалық эстафетада үздік үштіктен көрінді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.