Батыр Бауыржан Момышұлының келіні Жамбыл жұртшылығымен кездесті

0 19

Қазақтың даңқты батыры, қолбасшы, стратег Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова  Әулиеата жеріне келіп жұртшылықпен кездесу өткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан тағылымды шараға қатысушылардың қарасы қалың, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Орталық концерт залына тағылымды тәрбие, тұшымды ой, өнегелі өсиет тыңдауға келгендердің легі кездесу басталғанша толастаған жоқ. Бәрі де рухани құндылық, салт-дәстүр, ұлттық мұра туралы айтылатын жиынға асығып келгендер. Алдымен жазушы өзінің батыр Бауыржан Момышұлының келіні атанып, қазақтың біртуар азаматына қызмет еткенін, өнеге алып, ұрпаққа өсиет болатын мұра жинағанын айтты.

Аталған шараны Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған болатын. Кездесуді басқарма басшысы Берік Құрманғали ашып, еркін форматта жүргізіп отырды.

«Зейнепті халық тәрбиеледі. Мен мына саналы ғұмырымда ата беделіне титтей дақ түсіріп, нұқсан келтірмеуге тырысып келемін. «Біреуді мақтасаң да, жағымпазданба. Біреудің кемшілігін айтсаң, көзіне тіке қарап айтатын бол» дейтін ата. Ол кісінің өсиеті бізге мұра. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, біздің бастау-бұлағымыз – ата. Немере-шөберелеріне атаның әңгімелерін, өсиетін айтып, құлақтарына құйып отырамын. Батыр – иісі қазаққа ортақ. Сол адамның тәрбиесін көріп қолына су құйғаным үшін өзімді бақытты санаймын! Менің Зейнеп апа, жеңеше атануым атаның арқасы », — деді Зейнеп Ахметова өз сөзінде.

Бұдан кейін кездесу барысы емен-жарқын пікір алмасу, сұрақ жауапқа ұласты.

Үш күнге жоспарланған кездесу ертең өңірдегі жоғарғы оқу орындарында жалғасады. Түске дейін Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Университетінің, түстен кейін Тараз Инновациялық Гуманитарлық Университетінің жастарымен кездесу ұйымдастырылады.

Зейнеп Ахметова – қазақтың біртуар батыры, екінші Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег Бауыржан Момышұлының келіні. Қазақы дәстүрлерді насихаттаушы. “Шуақты күндер”, “Бабалар аманаты”, “Күретамыр” кітаптарының авторы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.