Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 14,2 триллион теңгені құраған. Бұл туралы бүгін қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Бүгін Сенатта мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген қарыз алу мен борышы, квазимемлекеттік сектор борышы мәселелері бойынша жиын өтті. Шара барысында қаржы вице-министрі Қазақстаның борышына тоқталды. Бекетаев соңғы жылдары Қазақстан экономикасында өсім қарқынының бәсеңдегені байқалып отырғанын атап өтті.
«Алайда қаржы министрлігі қазіргі таңда мемлекеттік қарыз деңгейі қолайлы деңгейде екенін айта алады. Іс жүзінде қарыз индикаторларының деңгейі ұйғарымды шекте және үкіметтің экономикалық блогының қорқынышын туғызып отырған жоқ», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, мемлекеттік қарыз жыл басынан бері 704 миллиард теңгеге ұлғайған.
«2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, мемлекеттік борыш 14,2 триллион теңгені немесе ЖІӨ-нің 24,8 процентін құрады. Жыл басынан бері абсолюттік мәнде 704 миллиард теңгеге ұлғайды»,- деді Руслан Бекетаев.