Тараздықтар Әзімбек Жанқұлиевты еске алды

0 7

Бүгін Тараз қалалық Мәдениет үйінде Ауған соғысының ардагері, сөз әлемінің сардары атанған өңіріміздің бір туар перзенті, алты алаштың мұңын жоқтап өткен айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевты еске алуға арналған «Өнердің аққан жұлдызы» атты кеш өтті. Бұл туралы “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Аталған шара Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевтың өмір жолын, өнердегі ерекшелігі, ерлігін, шығармаларын таныту, айтыстарымен жырларын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында өтіп отыр.

Еске алу кеші ақынның өмір жолы жайында бейнероликтен бастау алды. Бұдан кейін Әзімбек Жанқұлиевтың көзін көрген замандастары Ауған соғысының ардагерлері, досы Алдажар Сейтұлы, белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі, үлгі тұтқан ұстазы, ақын Қасқырбай Нарбатыров, шәкірттері мен жерлестері қатысып, естеліктер айтты.

— Бір кездері сахнада қатар отырған Әзімбекті 15 жыл өткеннен кейін еске аламыз деген кімнің ойына келген. Әзімбек өмірі қысқа болса да өнегесі, өмірі нұсқа болып кеткен азамат. Сол кездері Әзімбек  «Ең бақытты күндерің қай күн?» — деп маған сұрақ қойып еді. Мен айтар едім, ең бақытты сәттерім айтыста Әзімбекпен бірге жүрген күндерім деп. Өйткені, екеуміз доспыз, екеуміз талай айтыста жұп құрап айтыстық- дейді Ербол Қалбатыров аға.

Сонымен қатар, шарада ақынның өлеңдері оқылып, айтыс, терме, арнаулар айтылды. Іс- шара барысында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали сөз сөйледі.

— Шыны керек, «Өлі риза болмай, тірі байымайды»- дейді қазақ. Ақынның біздің жадымызда екендігін, ешқашан ұмытылмайтын «Аққан жұлдыз» болып қала беретінін бүгінгі кеш дәлелдеп берді деп ойлаймыз. Әзімбек ағаның әдемі әзілдері мен жыр шумақтары мәңгі есімізде. Тіпті әлі күнге дейін айтыскер ақындар ағамыздың жыр шумақтарымен айтыстың шырайын келтіріп отыратынына куә болып отырмыз, — деді.

Кеш соңында осы шараға атсалысқан ұйымдастырушылар алғыс хатпен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.