«Береке» бағдарламасы бойынша  туризмді дамытуға 250 млн. теңге бөлінді

0 0

«Береке» бағдарламасы бойынша  туризмді дамытуға 250 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова айтты,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жамбыл облысы экономикасының басымды бағыттарының бірі ретінде туризм саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Жоспарланған мақсат пен міндеттерге қол жеткізу үшін облыстың оң туристік имиджін қалыптастыру және туристік ағымды тарту үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Қарлығаш Әмірқызының айтуынша «Береке» бағдарламасы бойынша туризм саласындағы орта және кіші бизнес субъектілерін қаржылай қолдауға қосымша 250 млн. теңге бөлінген («Даму» Қоры және Жамбыл облысы әкімдігі паритетті негізде). 2018 жылдың басынан жалпы сомасы 5,4 млрд. теңгені құрайтын бірқатар нысандар құрлысының басталуы жоспарлануда. Оның ішіне 5 қонақ үй, 5 мейрамхана, 2 киіз үй қалашығы мен үлкен үміт артылып отырған тау-шаңғы базасы кіреді. Арнайы туристік аймақтар құру бойынша инвесторлар, меценаттар, қаржы институттары арқылы тартылған қаражат есебінен 5 туристік аймақ құрылуда: «Қаралма» тау-шаңғы базасы, Шахристан аумағындағы облыстың негізгі туристік нысандарын көрсетуге арналған «Show-room»-ы бар «Көне Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығы, «Төрткөл» керуен сарайындағы «Қазақ ауылы» тарихи-мәдени орталығы, «Айша Бибі» және «Қарахан» кесенелері мен «Әулие Бастау» сауықтыру орны кіретін тарихи-археологиялық кешені», «Ақыртас» сарай кешені («Ақыртас» кешені ғимаратының аяқталған бейнесі).

Сондай-ақ, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын, ежелгі салт-дәстүрлерді жаңғырту мен облыстағы кәдесый өнімдерін өндіруді дамытуды көздейтін, Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасқан «Шахристан» бұрынғы базарының орнында жобалық құны 1,5 млрд теңгені құрайтывн «Көне Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығының құрылысы басталуда. Бүгінгі таңда жобаның эскизі әзірленіп, аумақты құрылысқа дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаны іске асыру қолөнершілер жұмысын ынталандырып, кәдесый өнімдерін өндіру саласы бойынша кәсіпкерліктің дамуына үлкен серпіліс бере отырып, аймағымызға туристерді көптеп тартатын болады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту бойынша Қырғызстан мемлекетінің Талас және Ыстықкөл облыстарын Жамбыл облысымен байланыстыратын «Ұлы Жібек жолындағы туризм» трансшекаралық туристік маршруты құрылды. Бірыңғай маршрут аймағымызға қосымша туристерді тартуға мүмкіндік береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.