Жамбыл облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 26 мыңнан аса жастар білім алуда. Бұл туралы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Қолданбалы бакалавриатты енгізу ерекшеліктері: мәселелері және шешу жолдары» тақырыбында өткен аймақтық семинар-практикумда айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семинарға Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент, Алматы, Қостанай қалаларынан кәсіптік білім беру саласының мамандары арнайы қатысты. Өңірдегі студенттерді кәсіптік техникалық бағытта оқытатын колледждің қабырғасында болған жиында «қолданбалы бакалавриат» бағдарламасын енгізудегі негізгі тетіктерді игеру, 2016 жылы эксперименталды түрде жүргізілген әдістермен жалпылама бөлісу, біліктілік курстарын көбейту бағыттары бойынша нақты ұсыныстар айтылды. «Кәсіпқор холдингі» КЕАҚ кәсіптік білім беру орталығының басшысы Нұрдәулет Жанайдаров қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасын іске асыру жөнінде пікір білдірді.
– Жоғары колледждерде қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын іске асыру кәсіптік техникалық білімді жетілдірудің оңтайлы тәсілі болып табылады. Бұл деңгейге қол жеткізген маманның бірнеше біліктілікті меңгеріп шығуға мүмкіндігі бар. Қарапайым тілмен айтқанда, маман кіші инженерлік қызметтерді атқаратын дәрежеге жетеді. Осы мақсатта біз жыл бойы біліктілік арттыру курстары мен аймақтарда жинақталған тәжірибемен бөлісу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Бұл семинар осындай бастамалардың аясында ұйымдастырылып отыр, – деді Нұрдәулет Жанайдаров.
Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов өңірдегі кәсіптік техникалық білім беру саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Жамбыл облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 26 мыңнан аса жастар білім алуда. «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру» қолданбалы бакалавриат мамандығына бірінші жылы 25 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. 2019 жылы сүт, ет өнімдері технологиялары мамандарын дайындау қолға алынады. Жалпы облыста мамандарды дайындау 49 колледжде жүргізіледі, – деді Талғат Салқанұлы.