Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламаны іске асыру бойынша биыл 119 кіші жоба мен 73 іс-шара жоспарланған. Жалпы құны 3 млрд. 50 млн. теңгені құрайды. Аталған қаржының 350 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, 2,7 млрд. теңге меценаттар есебінен қаржыландырылуда. Аталған бағдарламаның өңірде жүзеге асырылуын тікелей үйлестіруші — облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен бірқатар ауқымды шаралар өткізілді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
7- қыркүйек күні ҚР Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен Одақ мүшелерінің облыстағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуі, осы күні партизан жазушы, Халық қаһарманы Қ.Қайсеновтың 100 жылдығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Ал, 11-13 қыркүйек аралығында Кеңес одағының батыры, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың Жамбыл облысына сапары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, айтыскер, ақын Әзімбек Жанқұлиевтың өмірден өткеніне 15 жыл толуына орай әдеби еске алу кеші өткізілді. Рухани байыту мақсатында өткізілген шараларға облыс жұртшылығы белсенді атсалысты.
Басқарманың ұйымдастыруымен өткен тарихымызды танып, Әулиеата өңірінің туристік мүмкіндіктерін, тарихи ерекшеліктерін зерделеу мақсатында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, археолог Айман Досымбаеваның және басқа да азаматтардың қатысуымен «Тараз – тарих айнасы» ғылыми практикалық конференциясы өткізілді.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Мерейлі отбасы» байқауы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Республикалық байқауға Жамбыл облысынан қатысқан Ниязқұловтар отбасы 1-орынды иеленді. Білім саласында бірнеше ұрпақ сабақтастығын жалғап жүрген үлгілі әулеттің жеңісі – Жамбыл жұртшылығына қуаныш сыйлады.
Айта кетейік, аталған жобалар қоғамдық сананы рухани жаңғыртуға өз үлесін қосып, халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, мәдениетті дамыту, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, шетелдерде таныстыру, сондай-ақ, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдыру, рухани тәрбие беруге бағытталған.