Облыс әкімдігінде бюджет есебінен әзірленіп жатқан жобалық-сметалық құжаттар және 2019 жылдың бюджетіне қаржыландыру үшін ұсынылуы тиіс жобалар, ЖСҚ құнын ықшамдау бойынша кеңес өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, облыс бойынша барлығы 368 жобаның 147-не талдау жүргізілгенін жеткізді. Ал, 220 жобаның жобалық сметалық құжаттары әлі күнге әзірлену үстінде екен.
220 жобаның 123-і республикалық, 90-ы облыстық бюджетке тиесілі болса, қалғаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асуы қажет болатын. Бүгінгі таңда 44 жобаның ЖСҚ-ы дайындалуда десек, 59 -ның мемлекеттік сараптамадан қорытындысы алынбаған.
Асқар Исабекұлы ең алдымен бірінші кезектегі өзектілігі жоғары мәселелерді анықтап, жобаларды соған қарай талдау керектігін баса айтты. Бюджетті де қажеттілікке қарай ыңғайлаудың тиімділігін жеткізді. Күн тәртібіндегі мәселе алдағы уақытта әр басқарма және аудандар бойынша жекелей қаралатын болды.
Айта кетейік, Жамбыл облысында әр сала бойынша 2013 – 2018 жылдар аралығында 368- жоба болған. Олардың басым көпшілігі құрылыс, инженерлік инфроқұрылым мен ауызсу саласы бойынша. Осыған сәйкес, облыстық экономика басқармасы 220- жобаның жұмысына талдау жүргізіп, оның жарамды немесе жарамсыз екендігін анықтапты. Мәселен: қазіргі таңда өңірде 63-жобаның жобалық сметалық құжаты дайын тұр. Оның 39-ы 2019-2020 жылдары республикалық бюджетке ұсынлса, қалғаны облыстық бюджет есебінен қаржыландырылмақшы. Осы уақытқа дейін құжаттары толық дайындалмаған 21- жоба кері қайтарылатын болады. Жиында облыс әкімі бюджеттің әр тиынын қажеттілікке байланысты тиімді пайдалану керектігін айтты. Ол үшін енді алдағы уақытта әр басқарма мен аудан әкімдіктерінің есебі жеке-жеке тыңдалып, мәселенің нақты шешу жолдары қарастырылатын болады.