Жамбыл облысында ағымдағы жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 574,6 млн.теңге қаржы қаралған. Оның ішінде облыстық бюджет- 146,5 млн. теңге, қала/аудан бюджеттерінен- 428,1 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Сондай-ақ, биылғы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 64,7 млн. теңгеге 26 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды. Көрсетілген қаржы жастарды жұмыспен қамту, қиын өмірлік жағдайдағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталды.
Облыста жастарды әлеуметтендіруге басымдық танытылуда. Атап айтар болсақ, 2018 жылдың 1 қыркүйегіне 9060 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 3871-і ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 1978 түлек жастар тәжірибесіне, 270-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Ал, 1499-ы қысқа мерзімді оқытуға, 303-і кәсіпкерлік негіздеріне оқытылса, 52 жас шағын несие алып, 1086-ы ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ІІ тоқсан қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрады. Өткен жылдың есепті кезеңінен 1,9%-ға төмендеді. Сонымен бірге, облыста жүргізілген талдау нәтижесінде жұмыссыз, жұмыссыз ретінде тіркелмеген, еш жерде оқымайтын, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған- 13723 жастың базасы жасақталды. Айталық, жұмыспен қамту орталықтарына- 2613 жас тіркелсе, оқуын аяқтап, жұмысқа орналаспағаны- 3821, еш жерде тіркелмеген, еш жерде оқымайтындар — 297, ҰБТ нәтижесі бойынша шекті мәннен өте алмағаны- 503 жас. Бұл жұмыстарды жүйелендіру мақсатында облыста тиісті уәкілетті органдармен және әкімдіктермен бірлескен іс-қимыл алгоритмі бекітілген.
Жалпы, есепті кезеңде өңірде 30 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған 896 жас тартылды. Нәтижесінде, 185 жас жолдамаға ие болды. Одан бөлек, жастарды ерте бастан кәсіптік даярлауға, мамандық таңдауға бағдарлау мақсатында «Түлектер тақтасы» жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күнге облыстағы 298 орта мектепте және 15 арнаулы орта оқу орындарында орнатылды.
Айта кетейік, ағымдағы жылы жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы және жұмыссыз 253 жас құрылыс нысандарында маусымдық еңбекпен қамтылды.