Байзақ ауданында 2019- 2021 жылдар аралығында 4 (Бурыл, Жетібай, Амангелді, Кеңес) ауылға мәдениет үйлерін соғу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев мәлімдеді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Бүгінде мәдениет саласына сандық технологияны енгізу мақсатында жергілікті бюджеттен 2 млн. теңге қаражат қаралып, Түймекент және Дихан ауылдық округтеріндегі кітапхана ішінен ақпараттық орталық ашылды. Ендігі кезекте, 6 ауылдық округітердің кітапханаларында (Абай, Ынтымақ, Қостөбе, Бурыл, Қызыл жұлдыз, Мырзатай) ақпараттық орталық ашу үшін қазынадан 1 млн.500 теңге бөлінді. Басқа да ауылдық округтердегі кітапханаларда осындай орталықтар ашу көзделуде.
Сондай-ақ, биылғы жылы білім беру жүйесі мекемелерінің жұмысы сала алдында қойылған міндеттерді орындауға бағытталып отырды. ҰБТ-дағы орташа балл 100,6, өткен жылмен салыстырғанда 17,4 баллға артты.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Ботамойнақ ауылындағы 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ақшолақ ауылында 120 орындақ мектеп құрылысы басталып, 3 мектепте (Ғ.Мұратбаев, Мырзатай, №2 мектептерде) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданда мектепке дейінгі бүлдіршіндері бақшамен қамту мақсатында мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында биыл 9 жекеменшік балабақша ашылды. 3 — 6 жас аралығында балаларды бақшамен қамту 99,2 %-ды құрап отыр.
Білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын дамыту бағытындағы мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Газы бар елді мекендерде 3 мектептің қазандықтары көгілдір отынға қосылды. Үстіміздегі жылы 3 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама дайындау үшін жергілікті бюджеттен 28,1 млн.теңге бөлінді.
Тағы айта кетерлігі, бүгінгі күнге 7 ауылда (Жаңатұрмыс, Жібек жолы, Аймантөбе, Сарыбарақ, Тегістік, Ынтымақ) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында денсаулық сақтау нысандарының құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал Көкөзек ауылында медициналық тірегін соғу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, 2019 жылға 3 ауылға мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында медициналық тірек соғу жоспарлануда.
2018 жылдың 1 қыркүйекке дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесі 2608 адамға ұлғайып, 30460 адамды немесе жалпы халықтан 29,2 пайызын құрап отыр. Биылғы жылы жаңа спорт кешені салынып, стадион, футбол алаңы, ауылдық округтерде 18 стри-воркаут салынды. Түймекент ауылында аула клубы іске қосылды. Ендігі кезекте 7 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында спортпен шұғылдану деңгейін жоғарылату мақсатында 2 спорт мектебі мен 1 спорттық клубының қажеттілігі туындауда. 3 ауылда спорт кешендерін соғу жоспарлануда.