Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа кезекті Жолдауын жариялау барысында құқық қорғаушыларды дайындайтын жоғары оқу орындарының білім беру жүйесін өзгертуді тапсырды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл ретте Президент шетелдік тәжірибеге тоқталды. Мәселен, ол жақта полиция академиялары құқыққорғаушыны алты айда даярлап шығады.
— Олар қарапайым нәрсеге үйретеді. Заңды меңгереді, адаммен сөйлесуді үйренеді. Болды! Погон алады да, жұмысқа кірісе береді. Бізде болса, бақандай 5 жыл дайындайды. Сонда ғалымдарды даярлап жатырмыз ба? Меніңше, қазіргі жоғары оқу орындарының жанынан сондай академияларды құрған дұрыс сияқты. Адам 3-6 ай оқысын да, жұмысына кірісе берсін. Қазір бізде мықты заңгерлер көп қой. Соларды білім беру шараларына тартуға болады. Жақсы жалақы қойсақ, ол заңгерлер жақсы жұмыс істейді, — деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Президент полицейлерге қатысты талаптарды өзгертуді жүктеді. Академиялар арқылы мамандарды іріктеу жұмысын қолға алу қажет. Алдағы уақытта полицейлердің жалақысы көтеріледі.