Бүгін «Taraz – Аspara fashion week» халықаралық сән апталығының салтанатты ашылуы өтеді

0 3

Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының ұйымдастыруымен қазан айының 8-12 аралығында «Taraz – Аspara fashion week» халықаралық сән апталығы өтпек. Осы орайда, бүгін Таразда «Арай Плаза» көпқабатты қонақ үйінің 1 қабатында сағат 17:00 — де салтанатты жиынның ашылуы өтеді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Аталған шарада Италия мен Үндістаннан, Голландия мен Қытайдан, Франция мен Ресейден барлығы 19 мемлекеттен сән саласының саңлақтары келеді деп күтілуде. Белгілі сәнгерлердің көрсетілімдерінен басқа, «Taraz – Aspara fashion week» аясында халықаралық дизайншылар байқауы да өтеді.

— Бұл күндері қаламызға 3 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде. Олардың ішінде туризм саласының халықаралық деңгейдегі білікті мамандары бар. Мәселен, «Taraz – aspara fashion week» халықаралық сән апталығына 19 мемлекеттен 30- дан астам дизайнер қатысуға ниет білдірген. Олардың қатарында «Сербия сән апталығының» президенті Светлана Хорват, «Германия сән апталығының» президенті Катарзина Стеванов, «Милан сән апталығының» президенті Марианна Мишели, американдық «FNL Network» телеарнасының директоры Rokko Leo Gaglioti, «Болгария мисі» байқауының жеңімпазы Вероника Стеванова және тағы да басқа тұлғалар бар. Сонымен қатар сән апталығының салтанатты ашылуына мелекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Т.Нарбаеваның қатысуы күтілуде. Осының өзі Таразда өтетін сән апталығының деңгейі қаншалықты жоғары екендігін аңғартады. Сондықтан да дәл қазіргі таңда дайындық жұмыстары да өте жоғары деңгейде жүргізілуде. Бұл біз үшін барымызды көрсетудің үлкен мүмкіндігі,- дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Жалпы, осы «Taraz – Aspara fashion week» сән апталығында облыстың шағын және орта бизнесі 70 миллионға жуық пайда табады деп күтілуде. Сонымен қатар, өзара әріптестік туралы халықаралық 7 және республикалық деңгейде 5 меморандумға қол қойылады деп жоспарлануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.