Жамбыл облысында онлайн кассалық аппараттар мен WEBKASSA мобильді қосымшалары орнатылады. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов “Баласағұн” ОКЗ-да өтіп жатқан жиында айтты, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
— Өңірімізде «қолма-қол ақшасыз экономикаға» көшудің алғашқы қадамдарын байқауға болады. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын айналымда 415 мың пластикалық карточка және 387 мың сол карточкаларды ұстаушылар болса, бүгінде олардың саны 2 есеге артып отыр. Сонымен қатар, POS-терминалдардың саны да артып келеді.
Бүгінде аймақта 2343 POS-терминал, 379 банкомат, 732 төлем терминалдары мен банктік киоскілер жұмыс істеп, 1085 сауда орнында кассалық операциялар электронды есеп айырысу арқылы жүзеге асырылады, — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, әкім «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мобильді қосымшаларды орнатудың жоспарланып жатқанын атап өтті.
— Жолдаудың міндетін орындау үшін жұмыстардың нақты индикаторлары айқындалып, бақылауға алынатын болады. Оның үстіне, төлем карталары арқылы сауда саттық көлемін арттыру өңірлік даму бағдарламасына да енгізілген. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «қолма-қол ақшасыз экономикаға» көшу мақсатында алдағы уақытта сауда базарларының бірінде, пилоттық жоба ретінде, деректерді мемлекеттік кірістер органдарына беретін функциялары бар онлайн кассалық аппараттарын немесе WEBKASSA мобильді қосымшаларын орнату жоспарлануда, — деді.