Бүгін өңірімізге ҚР қаржы министрі, ақпараттық топ жетекшісі Әлиxан Смайылов келіп, облыс активімен кездесті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Алқалы жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы арқау болды.
Басқосуды ашып, жүргізіп отырған облыс басшысы Асқар Мырзаxметов Елбасы Жолдауының маңыздылығына айрықша тоқталып, ондағы жүктелген міндеттер бойынша өңірде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды тілге тиек етіп өтті.
Өз кезегінде Әлиxан Асxанұлы Жолдауда айтылған тапсырмаларды іске асыруға бағытталған қаражаттың бөлінуі туралы хабардар етті.
Министрдің айтуынша ең аз жалақы мөлшерін арттыруға үш жылдық кезеңге 288,9 млрд. теңге қарастырылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, 85,8 млрд. теңге – 275 азаматтық қызметшілердің тікелей жалақысын арттыру үшін, 10,4 млрд. теңге – салықтық шегерімді арттыруға байланысты өңірлердегі кіріс бөліктің залалын өтеуге арналмақ.
Әлиxан Смайылов шағын және орта бизнесті дамытуға (БЖК-2020 бағдарламасы бойынша) үш жылда 90 млрд. теңге немесе жыл сайын 30 млрд. теңгеден көзделгенін тілге тиек етті.
Бұдан соң ҚР мәжілісінің депутаты Гүлнәр Бижанова, «Тараз-Су» мекемесінің директоры Марат Смайылов, ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов сөз алып, Елбасы Жолдауының басым бағыттарына тоқталды.
Асқар Исабекұлы облысымыздағы әлеуметтік мәселелерді шешу жолындағы игі істерді назарға алып, өзге де өрісті шаруаларды тілге тиек етті.
Актив жиналысынан соң қаржы министрі бірқатар нысандарды аралады.
Сондай-ақ, Әлихан Смайылов Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәжілісіне қатысты, оған Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер, қазынашылық, ішкі мемлекеттік аудит, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық құрылымдық бөлімшелерінің басшыларыда қатысты.
Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының ҚР Мемлекеттік кіріс органдарының алдына қойған міндеттерін орындауға назар аударды. Жолдауда көрсетілген әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына толық талдау жасады. Сонымен қатар, білім беру және денсаулық сақтау саласында қойылған стратегиялық міндеттерді шешу жолдары туралы толық түсініктеме берді.
Баяндаушы сондай-ақ Мемлекет басшысының ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру жөніндегі маңызды және уақтылы бастамасын жеке атап өтті. «Бұл шара еңбекке қабілетті халықтың едәуір бөлігінің әл — ауқатын арттыруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.
Ұлттық экономика өсуінің тағы бір маңызды факторларының бірі негізгі борышты төлеген жағдайда айыппұл мен өсімпұл сомаларын есептен шығару рәсімі болады.
«Мұндай акция бұрын да өткізілді, бұл бизнеске тұрақты әрі серпінді дамуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Елбасы қазіргі уақытта мемлекеттің тұрақты дамуының басты басымдықтарының бірі сапалы және Қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті», — деді Қаржы министрлігінің басшысы.
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қ. Исаков министрді ағымдағы жылдың 9 айындағы жұмыс нәтижелерін және 2018 жылдың соңына дейін қойылған міндеттер мен оларды шешу жолдары туралы хабардар етті.
Әлихан Смайылов сондай-ақ экономикалық тергеу қызметінің жұмысымен танысып, облыстың шаруашылық активімен кездесті.