Шу ауданында тәулігіне 50 келіге дейін тұшпара шығаратын шағын цех іке қосылды. Нысанның ашылуына аудан басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданында шағын және орта бизнес өркендеп келеді. Соның бірі жаңадан ашылған «Дастан» тұшпара цехы. Цехта тәулігіне 50 келіге дейін дайын өнім өндіріледі.
— Бізге ең қажетті шикізат – ет. Халыққа ұсынатын болғандықтан өнім сапасы аса маңызды. Ет үшін қажетті малды халықтан сатып аламыз. Тұтынушыларымыз да жетерлік, — дейді цех жетекшісі Берік Орманбеков.
Дайын өнім аудан орталығы мен ауданға қарасты Шоқпар, Далақайнар секілді бірнеше ауылдардағы дүкендер мен сауда орындарына тасымалданады. Қазіргі таңда цехта 6 адам еңбекке тартылған. Олардың барлығы ауыл тұрғындары. Болашақта мемлекеттен көмек алып, кәсібімді кеңейтсем, — дейді Берік Орманбеков.
Шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкердің меншігінде цехтан бөлек шағын дәмхана бар. Дайын тұшпара осы жерде де саудаланады. Ең бастысы сапалы, әрі дәмді адал ас. Сондай-ақ, еңбек етіп отбасымды асырап отырмын. Көршілеріме де жұмыс бердім. Мұның бәрі еңбекпен келді, — дейді шулық кәсіпкер.