Жамбыл облысы Меркі ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс көп. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшілері ауданға арнайы барып көз жеткізіп қайтқан болатын.
Бүгінде бас Меркі ауданындағы «Олжа» шаруа қожалығы үш мың бас ірі қара бордақылап, көршілес облыстарға өткермек, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.
«Олжа» шаруа қожалығы 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Алғашқыда мұнда 400 ірі қара болған. Кейінірек бұл көрсеткіш 1 500-ге жетті. Қазір шаруа қожалығының меншігінде 3000 мал басы бар. Барлығы 50 адам еңбек етеді.
— Қажетті жем шөптің бәрін науқан кезінде өзіміз дайындаймыз. Жетпегенін тұрғындардан сатып аламыз. Ал бордақыда тұрған бұқалардың 5 түрі бар. Асыл тұқымды өзіміздің шаруашылығымызда бар. Ақбас және – тұқымдарын бордақылап жатырмыз, — дейді Абылай Раисов.
Шаруа қожалығында бордақыланған мал еті Алматы мен Қырғыз еліне экспортталады. Иран елінен де сұраныс түсуде. Сұраныстың артуына байланысты жыл сайын мұндағы мал басы 800-900 басқа көбейеді екен.
— Күніне 3 мезгіл шөп, 3 мезгіл жем береміз. Арнайы вакциналар егеміз. Таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін қатаң талапты сақтай отырып азықтандырамыз. Сонда салмақты тез қосады, — дейді шаруашылық меңгерушісі.
Агенттік тілшілері сондай-ақ, өңірдегі қант қызылшасының бүгінгі жағдайынан жан-жақты ақпар алды.
Жамбыл өңірінде жыл санап қант қызылшасының өнімі артып, табыстың қайнар көзіне айналуда. Өңірде қант қызылшасын қабылдайтын екі зауыт бар. Оның бірі Тараз қаласында болса, екіншісі Меркі ауданында орналасқан. Қант қызылшасының биылғы қарқынын өз көзімізбен көру мақсатында Меркі ауданына арнайы барып, өңірдегі іргелі шаруашылықтың бірі «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен таныстық, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.
Серіктестік басшысы Қанат Шайхиевты да алқап басынан жолықтырдық. Әуелі серіктестік 1 гектар жерден 250 центнер тәтті түбір алуды мақсат етіпті. Уақыт өте келе, бәсекелестікті арттыруға ден қойған шаруашылық мұнымен тоқтамайды.
— Кейін білгенімдей, көрші қырғыз ағайындар 1 гектар жерден 800 центнер қант қызылшасының өнімін алады екен. Тағы бірде алғаш рет мемлекеттік делегация құрамында Қытай мемлекетіне барғанымда, олардың да әр гектардан 1000 центнерден өнім алып отырғанын көрдім. Түркия мемлекетінде болғанымда да осы көрсеткішке куә болдым», — дейді Қ.Шайхиев.
Сөйтіп, алқапқа ерте көктемде Германия мен Франция мемлекетінен әкелінген «КВС», «Тиссерин» және «Эйдер» сұрыпты жоғары өнімді тұқымдар себіледі. Сонымен қатар, тәтті түбір өнімін ұлғайтуды көздеп, жұмыс үдерісін толық автоматтандыру мақсатында өткен жылы 30 миллион теңгеге 11 техника сатып алады. Нәтижесінде, «Сыпатай батыр» серіктестігі бір алқаптан 850 центнер өнімге қол жеткізеді. Тұқымды технологиялық дәлдікпен себуді меңгерген шаруашылық төрағасы биыл ешқандай мәселенің жоқ екенін айтты.
— Өткен жылы Францияға барып, олардың мыңдаған гектар жерге қант қызылшасын егетінін көрдім. Оларда қол жұмысы жоқ. Солардан гербицид сатып алдық. Екі агрономы бізге келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Ал бізде кішкене болса да қол жұмысы бар. Жыл басында 30 адамды жұмысқа қабылдағанбыз, сол кісілер әлі де жұмыс істейді», — дейді серіктестік басшысы.
«Сыпатай батыр» серіктестігі биыл 300 гектар жерге қант қызылшасын егіпті. Өнім түсімі жаман болмайды деген үміт бар. Ендігі жоспар биылдыққа 20-25 мың тонна болып отыр екен. Қазірдің өзінде Меркі қант зауытына 20 мың тонна тәтті түбір өткізілген. «Бүгінде шаруалар үшін мемлекет тарапынан қолдау көп. Облыс, аудан басшылары да тиісті көмегін беруде. Мәселен, мен мемлекеттен екі пайызбен 70 миллион теңге алдым. Екі пайыз деген өте арзан. Нәтижесінде, Германия мемлекетінен тәтті түбір жинайтын техника сатып алдық. Бұл техника бір күнде 800 тонна қант қызылшасын тиеп береді. Қуаты 400 гектар жерді қазуға дейін жетеді. Осындай мүмкіндік бар кезде жұмысты жандандыра беру керек. Жалпы, тәтті түбір өнімінен пайда өте мол. Мәселен, бұл мақсатқа 50 миллион теңге салып, 200 миллион теңге алуға болады», деген Қ.Шайхиев келешекте әр гектардың өнімділігін 1100-1200 центнерге дейін жеткізуге болатынын айтады.
Бұдан бөлек, ауданда тағы бір «Бахор» шаруа қожалығы қарқынды жұмыс атқаруда.
Меркі ауданы Андасбатыр ауылындағы «Бахор» шаруақожалығы 2003 жылы құрылған. Алғашқыда қожалықта санаулы мүйізді ірі қара бар еді. Ал бүгінде олардың саны мыңға жуықтады. Нәтижесінде сүт өндіруден ауданда алғашқы орында тұр, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.
Екі жыл бұрын «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, Ресейден 100 сиыр әкелдім. Оның ерекшелігі сүтті жақсы береді. Осының арқасында қазір жұмысымыз бір жүйеге түсті. Сиырдың да санын арттырып жатырмыз. Бізден қазір өзге де шаруашылықтар малды асылдандыру үшін бұқа сатып алып жатыр. Қазір үш мезгіл сауу арқылы бір сиырдан 25- литрден 35-литрге дейін сүт алынады. Бұл Ресейден әкелінген қара –ала сүтті сиырдың тұқымы,-дейді «Бахор» ШҚ жетекшісі Бақтияр Хасанбаев
Қожалық иесі Бақтияр Хасанбаев мемлекеттің қолдауына дн риза. Көрші мемлекеттен мүйізді ірі қара алу үшін 35 млн. теңге несиеге де қол жеткізіпті. Сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту ісі бойынша бірқатар елдерді аралап, тәжірибе алмасты. Тіпті, Франция, Ресей елдерінде болды. Соның нәтижесінде көрші елден қара- ала тұқымды сиырды әкеліп, оны қолдан ұрықтандырды. Осының нәтижесінде өнім көлемі де мол болып отыр.Қазіргі таңда бұл шаруашылық 66-сиырдан бір күнде 1300- литрге дейін сүт алады. Бұл облыстағы ең жоғарғы көрсеткіш. Айына бір сиырдан 2,5-тонна сүт алып отырған серіктестік биылғы жылдың 4-айында 144 – мың тонна сүт алып үлгерген. Бұл көрсеткішті одан ары ұлғайту жұмыстарын қолға алды. Ферманың сүт сақтайтын арнайы мұздатқыш танкерлері де бар.
Марат Нұрталиев, жұмысшы
— Осында еңбек ету арқылы отбасымызды да асырап отырмыз. Жұмысымыз жақсы. Малды жақсы қарасаң ол да пайдасын береді, — дейді.
— Шаруа қожалығында өндірілген сүт «Меркі ірімшік» зауытына тасмалданады. Кәсіпорын әр литрға 100 теңгеден төлейді. Жылына 8 мың тонна сүт тапсырылады екен. 12 адам жұмыспен қамтылған. Әкемнен қалған кәсіпті жалғастырып, жыл өткен сайын кеңейтіп жатырмын, — дейді қожалық жетекшісі Бахтияр Хасанбаев.
Сондай-ақ шаруа қожалығының өзгелерден ерекшелігі сүт сақтау құрылғыларында . Жаңа сауылған сүтті суыту үшін сағаттап күтудің қажеті жоқ. Арнайы құрылғылар санаулы уақытта қалыпты температураға түсіреді. Бұл шикізат пен өнім сапасына тікелей әсер етеді.