Дәл қазіргі уақытта Тараз қаласы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі — ел ертеңі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Аталған дөңгелек үстелдің мақсаты — Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығы негізінде, Жамбыл облысында латын әліпбиіне көшу жұмыстарының жүзеге асырылу барысын дамыту, насихаттық бағытын күшейту.
Жиында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли модераторлық етуде.
Сондай-ақ, шараға облыстың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ғалымдар, ұстаздар, журналистер қатысуда.
Сонымен бірге, дөңгелек үстелге арнайы келген қонақтар Энверт Қапаған — Түркия мемлекеті Карабюк университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор, Ерден Қажыбек — А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, Жантас Жақыпов – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, профессор, ф.ғ.д, Құралай Күдеринова — Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография бөлімінің басшысы, Ержан Еңсебай – Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы қатысып отыр.