Таразда ересек балуандар арасында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған XI халықаралық турнир өтеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» Ақпарат Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жамбыл облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, дүбірлі дода 23-25 қараша күндері «Тараз-Арена» спорт сарайында өтеді. Салтанатты ашылу рәсімі 24 қарашада болады.
Спортшылар 10 салмақ санатында күш сынасады.
2007 жылдан бері республика деңгейінде өтіп келген турнир 2012 жылы халықаралық мәртебеге ие болды. 2016 жылы Тараз Ресей, Моңғолия, Бразилия, Армения, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен 150-ден астам спортшыны қабылдаған болса, 2017 жылы Жапония, Польша, Украина, Беларусь, Әзербайжан елдері де өз балуандарын жіберді. Биыл тоғыз команда: Қазақстан, Ресей, Украина, Моңғолия, Грузия, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан балуандары күш сынасады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир Қазақстанда еркін күресті насихаттауға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын орындауға серпін беруді мақсат еткен.
Айтулы шараны ұйымдастыруға: ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, Жамбыл облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жамбыл облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы мұрындық болып отыр.
Турнирдің жүлде қоры 26 млн теңгеге жуық. I, II, III орындарды алған спортшыларға медальдар, дипломдар, демеушілердің ақшалай сыйлықтары табыс етіледі. Бірінші орынға 4 мың доллар тігілген.
Әрбір салмақ санатында жеңіске жеткен спортшылардың бапкерлеріне 500 доллар сыйақы беріледі.