Қазпоштаның Жамбылдағы франчайзинг нүктелері жергілікті халыққа жайлы қызмет ұсынуда

0 0

Қазпоштаның Жамбылдағы франчайзинг нүктелері жергілікті халыққа жайлы қызмет ұсынуда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Елімізде пошта қызметтерін халыққа қолжетімді ету мақсатында көптеген франчайзинг нүктелері ашылған болатын. Бұл жоба «Қазпошта қызметтерін үшінші тұлғалар арқылы көрсету үшін франчайзинг моделін енгізу» деп аталып, 2018 жылдың басында қолға алынған еді. Осылайша, 1 жылға жуық уақыттың ішінде 111 франчайзинг нүктесі ашылды. Аталмыш орталықтар еліміздің түкпір-түкпірінде пошта қызметтерін шағын және орта бизнес серіктестік бағдарламасы арқылы көрсетуде.

Мұндай орталықтардың көмегімен пошта бөлімшелеріне бармай-ақ сәлемдемелерді алуға, оларды жіберуге болады. Әуе және теміржол билетін де сол жерден сатып алуға мүмкіндік туды. Бұған қоса, коммуналдық төлемдер мен салықтарды үйіңізден алысқа ұзамай-ақ жақын маңда ашылған франчайзинг нүктесінен төлей аласыз.

Ал, Жамбыл облысындағы жағдайға келер болсақ, өңірдегі мұндай орталықтар 2018 жылдың мамырынан бастап ашыла бастады. Қазпоштамен серіктестікке отырған өңірдегі тұңғыш компания – «Ibraxim&D» ЖШС. Мұндай серіктес компаниялардың саны бүгінде 15-ке жеткен. Соңғысы облысқа қарасты Байзақ ауданынан ашылды. Жыл соңына дейін олардың санын 35-ке жеткізу жоспарлануда.

«Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бизнес жөніндегі орынбасары Әлімжан Шымбайұлының сөзінше, қала бойынша 3 серіктес болса, аудан көлемінде 12 франчайзинг нүктесі жұмыс істеуде.

— Франчайзинг дегеніміз – қосымша бизнес. Бұл іспен айналысу үшін серіктестің негізгі бизнесі болуы керек. Алдымен кәсіпкерлерді үлкен сауда орталықтарынан қараймыз. Артынша оларға үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Онда пошталық қызметтердің мынадай түрлерін көрсетеміз: сәлемделерді қабылдау, оларды табыстау, агенттік қызметтер, әуе және теміржол билеттері, ақша аударымдары. Несиені де алуға болады. Хоум Кредит банкімен келісім жасалды, – дейді Ә. Шымбайұлы.

Оның айтуынша, өңірдегі 15 франчайзинг нүктесінің 14-і өзінің нәтижесін көрсетуде. Кәсіпкерлер бұған өздерінің қызығушылықтарын білдіріп отыр.

— Осы іспен айналысып жатқан кәсіпкерлер тағы да 2-ші, 3-ші нүктелер ашуға бола ма деп өздерінің ұсыныстарын білдіріп жатыр. Сұраныс та бар. Неге десеңіз, түскен табыстың 30 пайызын аталған компания алса, қалған 70 пайызы Қазпоштаға тиесілі. Екінші мотивация – дүкенге клиент тарту үшін көмектеседі. Мәселен, белгілі бір тұтынушы коммуналдық төлем жасау үшін франчайзинг нүктесіне келсе бір жағынан дүкеннен саудасын жасайды», — деді ол.

Жаңа орталықтар халыққа ыңғайлы аумақта орналасқан. Онда көрсетілетін қызмет құны Қазпоштаның бөлімшесінде көрсетілген бағамен бірдей.

— Тұрғындармен кездесулердің бірінде олар өз ризашылықтарын білдірді. Бұрын олар төлем жасау үшін қаланың ана шетінен мына шетіне дейін ұзақ жол жүретін. Енді дүкенге келіп, төлемді де төлейді, билетін де сатып алады. Осылайша, бір есіктен кіріп, барлық жұмысын бітіре алатын болды. Айта кетерлігі, франчайзинг жүйесімен ұсынылып жатқан қызметтер Қазпошта бөлімшелеріндегі бағамен бірдей, – деп атап өтті Жамбыл облыстық филиал директорның орынбасары.

Облыста 12-ші болып ашылған франчайзинг нүктесі – «Учет центр» ЖШС. Компания директоры – Айнаш Абдикадирова. Оның компаниясы бухгальтерлік оқу курстарымен айналысады. Қазпоштамен келісім жасағалғаннан кейін ол компаниясындағы 2 кабинетті пошта қызметтерін ұсынуға берілген.  Ай сайын 1000-нан астам адам қабылдайтын олар келешекте тағы 2 жерден ашуды көздеп отыр.

— Қазпошталықтар мені шақырып, ұсыныс білдірді. Жаңа проектінің қолға алынып жатқанын, оның тиімділіктерін айтты. Олар осы іспен айналысу үшін өздері жарнама ұсынды, базасын берді. Осылайша, өзкелісімімді бердім. Маусым айында іске кіріскен болатынбыз. Міне, одан бері 5 айға жуық уақыт өтіпті, — дейді «Ер Достық» ЖШС-тің директоры Рымжан Тәжібаева.

Осы уақыт аралығында жеткен жетістіктері мен табысын айтқан ол бұл бизнес түрінің тиімділіктерін айтып берді.

Ең бастысы – мұндай орталықтың ашылғанына жергілікті тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріпті. Өйткені, Қазпоштаның жергілікті бөлімшелеріне адам көп келгендіктен, кезек күту уақыты үлкен. Ал, франчайзинг нүктелері арқылы тұрғындар пошталық қызметтерді тез әрі қолжетімді түрде алады. Бүгінде осы аудандағы Қазпоштаның франчайзинг нүктесінің тұрақты тұтынушылары қалыптасып үлгерген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.