Қала экологиясы денсаулыққа зиян екенін жақсы білеміз. Ал қаланың шуы семіздікке себепкер болады деп кім ойлаған?
Күнделікті қарбалас тіршіліктен шаршап, бір мезет жанымызға тыныштық іздейтініміз бар. Ондайда ауылға барып, болмаса қала сыртына шығып тыныстасақ бір сергіп қалатынымыз рас. Себебі шулы қаладағы күнделікті қайталана түсетін іс пен дыбыс та адамды жалықтырады.
Қаладағы көлік қозғалысы, көшедегі айқау-шу, мейрамханалардағы әуендер, барлығы-барлығы адам психикасына өз әсерін тигізеді. Тіпті жақында Барселонадағы денсаулық сақтау зерттеу институтының ғалымдары қаладағы шу семіздікке де себепкер болады деген қорытынды жасады.
Environment International хабарлағандай, ғалымдар бұған қатысты 10 жылға жуық тәжірибе жасаған. Оған 4000-ға жақын адам қатысқан. Зерттеушілер олардың салмағын, белін, дене мүсініндегі барлық көрсеткіштерін назарға алып отырған.
Шындығында шулы аймақтарда тұратын тәжірибеге қатысушылар уақыт өте келе жылдам салмақ қосатыны анықталған. Яғни 10 дБ шудың өзі семіздікке шалдықтыруды 17%-ға арттырған. Оның ішінде теміржол маңындағы тұрғындар үшін қатты әсер еткен. Ал ұшақ дауысы ешқандай қауіп келтірмепті.
Зерттеу барысында ғалымдар түрлі әдіс-тәсілдерді қолданған. Барлық жағдайда қаладағы шу семіздікке әсері бары байқалған.
Осыған дейін Массачусетс (АҚШ) ауруханасының қызметкерлері қаланың шулы аймақтарында тұратын тұрғындар жүрек-қан тамырлары дертіне жиі шалдығатыны жайлы MediicalXpress порталында жазған болатын. Шулы қала адамның күйзеліске шалдығуына да әсер етеді екен.
Дереккөз: Massaget.kz