Жамбыл облысында аналогтық телехабар толығымен өшірілді

0 12

Бүгін Тараз қаласында аналогты хабар тарату жүйесі тоқтатылып, цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшірілді.Облыстық радиотелевизиялық станцияда жаңа жүйені іске қосу рәсімі өтті. Жамбыл облысы — республика бойынша алғашқылардың бірі болып цифрлы эфир таратуға көшіп отыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Іс-шараға Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, «Қазтелерадио» АҚ Басқарма төрағасы Ескендір Тәжібеков және Жамбыл ОДРТ директоры Мақсат Қойшыбаев қатысты.

Сандық эфир таратуға көшу «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында, Елбасы тапсырмасына сай жүзеге асырылуда.

Бүгінде облыста цифрлық эфирлік телехабар тарату жобасын іске асыру толығымен аяқталды. 44 цифрлық таратқыштарды қосумен, 43 радиотелевизиялық станциялар салынды және жаңғыртылды. Бұл 377 елді мекенді қамтуға мүмкіндік береді, яғни облыс халқының 99,8% — ын құрайды. Өңірде алты елді мекен цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтылмаған, бірақ сапалы телехабар тарату олар үшін қолжетімді. Қазіргі таңда аталған елді мекендердегі 466 үй «OTAU TV» ұлттық спутниктік телехабар тарату жүйесіне қосылған.

Облыс әкімдігінің қолдауымен халықты ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

— Облыста атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жататын отбасылардың сандық қабылдауын қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 8975 отбасы тіркелген, оның 6631-і ЦЭТТ қызметіне қосылған. Қалған 2344 отбасы сандық қабылдағыштарға ие болды және цифрлық эфирлік теледидарға қосылу мүмкіндігіне ие, — деді Берік Уәли.

Айта кетейік,  бүгінгі күнге дейін Тараз қаласында аналогтық жүйеде 10 арна ғана көрсетілетін еді. Ал облыс орталығынан басқа елді мекендердің халқы 5 арнаны ғана көре алатын. Цифрлық эфирлік хабар таратуға көшкеннен кейін трансляцияланатын арналар саны облыс орталығында 26-ға дейін, ал кенттерде бейне және дыбыс сапасы жақсы 11 арна, оның ішінде сапасы жоғары 2 телеарна көрсетілетін болады.

Сондай-ақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірлерін аналогтық телехабарлардан кезең-кезеңмен ажырату жоспарланып отыр. Осы бағдарламаға сәйкес 2021 жылға қарай Қазақстан аналогтық хабар таратудан толығымен бас тартады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.