Облыстағы кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріне қойылар талап күшейді

0 3

Қазан айында арнайы құрылған жұмысшы топ облыстағы 23 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына тексеріс жүргізген болатын. Соған орай бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен жиын өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімі аппараты әлеуметтік-саяси мониторинг бөлімінің басшысы Олжас Баққараев баяндады. Зерделеу қорытындысы бойынша 3 колледжде білім сапасының төмендігі, 6 колледжде мамандық бойынша оқу жоспарына сәйкес сабақ кестесі факультативтік сабақтарда толтырылмағандығы, 14 колледжде түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі төмендігі анықталған.

Сондай-ақ, 4 колледжде дуалдық оқыту бойынша жұмыс берушімен келісім шарт жасалынбаған болса, тағы 4 колледжде педагог қызметкерлердің сапалық құрамы төмен, біліктілік арттыру курстарынан уақытылы өтпеген. Ал, 19 колледжде медициналық кабинеттер талапқа сай толық жабдықталмаған, 4 колледжде сабаққа қатысу деңгейі төмен, 1 колледж басшысының үстінен арыз-шағым түсу фактілері орын алған. 

Жиында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова кемшіліктерге жол берген білім мекемелерінің атын атап, оларға ұсынылып отырған тәртіптік шараларды тілге тиек етті. Ол 14 колледж басшысы мен 119 қызметкерді әртүрлі тәртіптік шараларға тартуды ұсынды.

Асқар Исабекұлы осыған дейін бұл мәселені қадағалауға алмаған облыстық білім басқармасы мен қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшыларын, тиісті аудан әкімінің орынбасарларының жұмысын сынға алды. Студенттердің сабаққа келмеуі, бітірушілердің басым бөлігі жұмыссыз жүруі секілді келеңсіздіктер көп. Осыны ескерген өңір басшысы сапасыз білім, нәтижесіз жұмысқа қомақты қаржы жұмсағанша, ол қаражатты халықтың ауыз су, көгілдір отын секілді әлеуметтік мәселелерін шешуге пайдалану тиімділігін қадап айтты.

Ендігі мақсат – жағдайды тез арада қалыпқа келтіру үшін нақты шараларды қолға алу. Ол үшін алдымен, бір аудандағы бір бағыттағы 2-3 колледждерді біріктіріп, 2019 жылдан бастап аталмыш білім мекемелерінің жұмысын тұрақты түрде бақылау мен бағалау жүйесін қалыптастыру керек. Директорлардың біліктілігі бойынша өз лауазымына сәйкестілігі де жіті қаралатын болады.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, жұмысты жандандыру бойынша ұсыныстардың қайта қаралатынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.