Күнделікті тіршілікте әлеуметтік желілердің маңызы жоғары. Достармен хабарласу, жаңалықтар қарау, қызықты видеоларды тамашалау, өзге де мәліметтерді алу және өзіңдегі ақпараттарды жариялау үшін таптырмас құралға айналып үлгерді.
«Таяқтың екі ұшы бар демекші», әлеуметтік желілердің де пайдасы мен зияны жетерлік. Бұл жайында айтылып та, жазылып та жүр. Бүгінгі айтпағымыз әлеуметтік желідегі парақшаларға жасалатын хакерлік шабуылдар жайлы.
Жеке парақшаға жасалған шабуылдарды есітіп жүрген де боларсыз. Тіпті сіздің де парақшаңызға біреулердің бұзып кіргісі келгенін байқаған сәттеріңіз бар болар. Көбіне хакерлер танымал адамдардың жеке парақшаларына жиі шабуылдайды. Ал әуесқойлар үшін сіздің парақшаңыз да жеткілікті болуы мүмкін.
Әлеуметтік желілердегі парақшаңыз бұзылмас үшін не істеу керек? Көп адамдар байқаусызда арбауға түсіп қалады екен. Фишинг әдісі арқылы жеке парақшасының логині мен құпиясөзін иеленеді. Яғни сілтемеге өтіп, логині мен құпиясөзін теруін өтінеді. Мұны орындасаңыз, парақшаңызға өзгенің кіруіне жол бересіз. Бұл бір ғана әдісі. Тағы неден сақтану керек?
1. Күмәнді (дауыс беріңіз, сауалнамаға қатысыңыз, жаға ұстатар жаңалық, т.б) сілтемелерге өтпегеніңіз дұрыс.
2. Гаджетіңізге тексерілмеген бағдарламаларды орнатпағаныңыз абзал.
3. Өзіңіз біле бермейтін парақшалар ашылғанда логиніңіз бен құпиясөзіңізді енгізбеңіз.
4. Керекті бағдарламаларды ресми дереккөздерінен ғана орнатыңыз.
5. Гаджетіңізді белгілі бір уақыт сайын антивирустық бағдарламалар арқылы тексеріп тұрыңыз.
6. Қоғамдық ортада құпиясөзі жоқ WIFI желілерін пайдаланбаған жөн.
7. Құпия сөзіңізді жиі өзгертіп тұрыңыз.
Дереккөз: massaget.kz