Жамбыл облысында 3 185 адам емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облыстық филиалының директоры Мавлюда Бокаева мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Мавлюда Бокаеваның айтуынша, алдағы уақытта емхананың тіркеу бөлімдері арқылы тіркелу тоқтатылады. Оның айтуынша, бұл шара жүйелі мәселелерді жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұған ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ. Тіркелу үшін емханаға аяқтай барып үйренген азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтардың Connection Point бөлімшелері арқылы емханаға тіркелуге болады. Сондай-ақ азаматтардың «Egov.kz» электрондық порталының Telegram боты арқылы Смартфонның көмегімен бірер минутта тіркелуіне мүмкіндігі бар.
Бұдан басқа, егер азаматтар науқан кезінде емханасын ауыстырып үлгермесе жылына бір рет еркін таңдау құқығын пайдаланып емхана ауыстыруына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, қоныс аударғанда, емхана жабылып қалса немесе МСҚ-мен келісімшартты бұзса, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауысуға болады. Қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етілмейді, — дейді Мавлюда Бокаева.
Биылғы жылы тіркеу науқанына облысымыздың 22 медициналық ұйымдары қатысты, олардың ішінде 6 жекеменшік.
Тіркеумен айналысатын емханалардың толық тізімін Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан табуға болады.
Айта кетсек, облыс тұрғындарының 3 113 дәстүрлі түрде емханаға тікелей хабарласып тіркелсе, 72 адам «egov.kz» электрондық порталы арқылы тіркелген.
Тіркелген азаматтардың жалпы санынан 11,1% (354 адам) мемлекеттік емханаларды, 88,9% (2831 адам) жекеменшік емханаларды тандаған. Өткен жылы тұрғындарды емханаларға тіркеу науқаны кезінде 4211 Жамбылдықтар еркін таңдау құқығын пайдаланған.