Қазақстанда ұялы байланыс операторлары ұсынатын тарифтер құны төмендейді. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқов ҰЭМ қабырғасында өткен «Тариф саясатының ашықтығы және тарифтерді төмендету бойынша қабылданатын шаралар» атты дөңгелек үстелде мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
«2018 жылдың 23 қарашасында министрлікте барлық операторларды шақырып, үлкен кеңес өткіздік. Байланыс операторлары абоненттер үшін әлеуметтік тариф жасауға мүмкіндік бар деп бастама көтерді. «Қазақтелеком» 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3499 теңгені құрайтын әлеуметтік тарифті енгізуді жоспарлап отыр. Бұл осыған дейінгі тарифтен 5% арзан болады. Аталған топтамаға интернет және Қазақстан бойынша лимитсіз қоңырау шалу кіреді. Ал «Қазтранском» алғаш рет байланысқа қосылатын абоненттерге 50%, ал абоненттік төлемге 10% жеңілдік жасамақ. Сонымен қатар интернетке арналған төлем құнын да 15% арзандатуды жоспарлап отыр», — деді Тұяқов.
Оның айтуынша, «Транстелеком» компаниясы Ұлы отан соғысы ардагерлеріне 5% жеңілдік жасауды ұсынған. Компанияның мәліметінше, аталған оператордың тарифі өте төмен: ауыл тұрғындарына – 529 тг, ал қалалықтарға – 797 теңге.
«Кар-Тел» компаниясы «Әлеуметтік» деп аталатын жаңа тариф жоспарын ұсынды. «Әлеуметтік» бұл – «Әлеуметтік плюс» және мұғалімдерге арналған тариф жоспары. Осы тарифтік жоспар бойынша байланыс қызметінің құны 50% арзандайды. Осыған дейін 1300 теңгені құраса, қазір 590 теңге болады. Kcell «Комфорт XS плюс» тарифтік жоспарын ұсынды. Ай сайынғы абоненттік төлем есебінен тариф құнын 50% төмендейтін болады. Осыған дейін 2590 теңге болса, енді 1390 теңгені құрайды», — деді вице-министр.
Ол «Мобайл Телеком-Сервис», «Алтел» және «Tele2» байланыс операторларынан қызмет құнын төмендету туралы әзірге ұсыныс келіп түспегенін айта кетті.