Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төраға орынбасары Айгүл Шайымова тараздық кәсіпкерлермен кездесті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Кездесу барысында Тараздағы кәсіпкерлердің негізгі мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, жиын барысында агенттік төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова кәсіпкерлік субъектілері еліміздің қарыштап дамуы үшін өзара жауапкершілікті түпкілікті мойындау керек екенін атап өтті.
— Мемлекет сіздер үшін қолайлы жағдай жасауға міндетті. Бұл бағытта үлкен шаруалар атқарылды. Сіздер өз кезектеріңізде адал бизнес жүргізу үшін жауапты болуларыңыз тиіс. Бұл сауалға келгенде мемлекет пен бизнес сенімд ісеріктеске айналуы қажет. Осы себепті баршаңызды аталған жобаға атсалысуға шақырамыз,- деді Айгүл Шайымова.
Сонымен бірге, агенттік өкілі атқарушы билік органдарымен бірлесіп жұмыс істеу барысында сауалдар туындаса, әрбір кәсіпкер өзіне тікелей өтініш бере алатынын жеткізді. Сондай-ақ, кез келген өтініш жіті бақылауға алынатынын, ал қосымша тексеруді талап етпейтін мәселелер дер кезінде шешімін табатынын тілге тиек етті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі басымдықтарының бірі бизнесті қорғау болып табылады. Биылғы жылы еліміз бойынша Агенттіктің бастамасымен инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында «Protecting Business and Investments» жобалық офисі жұмыс істей бастады. Аталмыш жобаны іске асыру шеңберінде агенттік кәсіпкерлердің алдында тұрған барлық процестерге белсенді қолдау көрсетеді. Сыбайлас жемқорлық схемаларынан үзілді кесілді бас тартуға дайын кәсіпкерлер өз бизнесін кез келген қысымнан қорғау мүмкіндігіне ие болмақ. Қазірдің өзінде отандық және шетелдік инвесторлардың жалпы сомасы 6,7 трлн теңгеден асатын 249 жобасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізілген.
Тағы бір жаңалық. Мемлекеттік қызмет саласындағы мәселелерді жедел шешу мақсатында «Цифрлы агент» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қолданба онлайн-сигнал негізінде қызмет көрсетушіге мәселелерді дер кезіндешешуге мүмкіндік береді.