9 айда 90 заң бұзушылық: Облыста браконьерлер саны азаймай тұр

0 1

Жамбыл облысында бүгінде «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» КММ-сі мен «Табиғат қорғау кеңесі» мекемесі бірлесіп жұмыс атқаруда. Нәтижесінде, осы жылдың 9 айында жүргізген 479 рейдтік тексерулерінің қорытындысы бойынша 90 заң бұзушылық анықталып отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінің баспасөз орталығында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақов, «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» КММ-нің директоры Абай Кенжебек, Табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы, «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» КММ-нің бөлім басшысы Ерназарбек Жантаевтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Спикерлердің айтуынша, бүгінде өңірде заңсыз сексеуіл  ағашын кесу фактісі бойынша 9 ай ішінде 14 оқиға тіркелген. Салдарынан, әкімшілік хаттама толтырылып, азаматтарға 2811,2 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, дәл осы ағаш кесу фактілері бойынша 14 азаматқа қылмыстық іс қозғауға ішкі істер бөліміне жолданған болатын. Нәтижесіз емес, 8 азаматқа қылмыстық іс қозғалды десек, оның ішінде 4 азаматқа 1 жылдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бұдан өзге, ағымдағы жылдың  қараша айының 2-сі күні Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің әуеден жүргізген рейдтік іс-шарасы аясында  тиелген жүк көлігін құрықтаған болатын. Бүгінде аталған көліктің иесі анықталып, заң жүзінде тиісті шара қолданылды.

Сондай-ақ, «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» КММ соңғы қазан, қараша айларында 11 рейдтік жұмыстар жүргізді, соның негізінде 22 заң бұзушылық фактісі анықталды. Аталмыш заң бұзушылықтың біреуі заңсыз сексеуіл отынын тасымалдағаны үшін тіркелді десек, нәтижесінде 12 025,0 теңге айыппұл салынды. Аң-құстарды қорғау іс-шарасы бойынша 21 оқиға анықталып отыр. Құрықталған азаматтарға заң аясында әкімшілік хаттама толтырылып, 1 875 900  теңге айыппұл салынған болса, соның 1 010 100,0  теңгесі бүгінде өндіріліп алынды.

Тағы бір жаңалық. Соңғы екі айда мемлекеттік маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи қаумалдарда анықталды. Нақтылай өтсек, қараша айының басында Мойынқұм аудандық ерекше қорғалатын табиғи аумақтың «Андасай» қаумалында заңды белінен басып, аңшылық жасаған азаматтар құрықталып, салдарынан әкімшілік хаттама толтырылды. Азаматтардың барлық жинақталған іс-құжаттары аудан аралық сотқа жолданып, сот шешімімен заң бұзғандардың суық қарулары мемлекет пайдасына тәркіленді.  Заң бойынша әрбір азаматқа 168 350,0  теңге мөлшерінде айыппұл салынып, өндіріліп алынды.

Аң мен құстан бөлек мекеме тарапы балық аулауға қарсы заң бұзушылықтың алдын алуды назардан тыс қалдырған емес. Бүгінде балық аулауға тыйым салынған өзендер, сонымен қатар бекітілмеген су айдындарында заңсыз балық аулағаны үшін  соңғы екі айда 1 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 12 025,0 теңге айыппұл салынып, өндіріліп алынды.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 13 маусымында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен жануарлар дүниесiн, табиғатын сақтау және көбейту туралы декларация қабылданған болатын. Аталған декларация қазіргі таңда облыстық жергілікті басқарушы органдар, облыстық сот, прокуратура, Ішкі істер департаменті және ұлттық қауіпсіздік органдары мен басқа да мемлекеттік мекемелер тараптарынан қолдау тауып, барлығы  1962  адам қол қойды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.