Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жамбыл ауданына қарасты Пригородный ауылына су жүйесі қосылып халықты қуанышқа бөледі. Су нысанының құрылысын 2016 жылдың желтоқсанында «Интелект Азия» серіктестігі қолға алып, мерзімінен 1 жыл бұрын халық игілігіне берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Пригородный ауылын қамтамасыз еткен су құбыры жобасына 2,1 мрд. теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Су құбырының жалпы ұзындығы 62 шақырым. Осы игі іс аясында 6142 тұрғын таза ауыз сумен қамтылып, 1546 аулаға таза су құбыры тартылды.
Сонымен қатар, Тоғызтарау ауылының да мыңға жуық тұрғыны енді таза су ішеді. Ауылда 85 үй болса, 45 үй ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Қалған 40 үйге де жыл соңына дейін су жүйесі қосылады. Құны 141 миллионды құраған құрылысты «Сұңқар-2002» серіктестігі жүргізген. Көптен күткен ауыз судың құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында басталған. Межелі мерзімде аяқталып, ауылдағы ағайынды қуанышқа кенелтті. Қазіргі таңда Жамбыл ауданының 40 пайызы таза сумен қамтылған. 2020 жылға дейін қалған 60 пайызын толық ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.
Жібек Жұмаділлақызы