Мойынқұм ауданында ағымдағы жылы өндіріс қуаты мен экспорт көлемі артты

0 1

Ағымдағы жылдың 23 мамырында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен барып, «Мыңарал тас компани» серіктестігінің жұмысымен танысқан болатын. Сол кезде өңір басшысы өндіріс басшылығына 2018 жылы өнім көлемін арттырып, экспортты ұлғайту бойынша нақты тапсырмалар берген. Бүгінгі таңда аталған зауыт облыс әкімі берген тапсырманы толық орындаған. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Атап айтқанда, Мыңарал цемент зауыты өнім көлемін биылғы жылы 210 мың тоннаға арттырып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға көп деген сөз. Яғни, өндіріс орыны 2017 жылы 1 млн. 340 мың тонна цемент өндірсе, биылғы жылы 1 млн. 550 мың тоннаны еңсеріп отыр.

Жалпы зауыттың қуаттылығы 1 млн. 100 мың тонна екенін ескерсек, өндіріс нысанының жұмысы артығымен орындалып жатқандығын байқауға болады. Ал, экспорт көлемі 288 мың тоннаға дейін артқан. Бұл өткен жылы небары 130 мың тонна ғана болатын. Демек, аймақ басшысы берген тапсырмалар өндіріс орыны басшылығы тарапынан дер кезінде әрі үлкен жетістікпен орындаған. «Мыңарал» цемент зауыты үкіметтің үдемелі индустриалды инновациялық дамыту бағдарламасының бірінші бесжылдығында пайдалануға беріліп, бүгінде 250- ден астам адам еңбек ететін ірі кәсіпорынға айналған. Жамбыл жерінен шығатын сапалы өнім еліміздің барлық өңірлеріне тасымалданады.

Дереккөз: Jambyl tv

Leave A Reply

Your email address will not be published.