Шу ауданында құрылыс саласында мәселе көп. Өзекті жайлар облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың жұмыс сапары барысында назарға алынды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Ең алдымен, Еркебұлан Дауылбаев Белбасар ауылындағы Ш.Уәлиханов орта мектебіне ат басын тіреді. Білім ордасының жұмысымен жіті танысқан әкім орынбасары тиісті тапсырмаларын берді. Келесі кезекте аудан оратылығында орналасқан 300 орындық мектептің құрылысымен танысты. Ғимаратты «ТЭДҚұрылыс серіктестігі жүргізіп жатқан мектеп құрылысы келер жылдың тамыз пайдалануға берілмек.
Бейсембек Оразымбетов, «ТЭД ҚҰРЫЛЫС» ЖШС ПРОРАБЫ:
— Құрылыс маусым айында басталып, бүгінгі күнге дейін 441 млн.теңгенің жұмысы істелді. 60 адам, 10-ға жуық техника жұмыс істейді. Барлық атқарылып жатқан жұмыстар графикпен, өз уақытысында орындалып жатыр.
Бұдан кейін Еркебұлан Дауылбаев қалалық емхана мен аудандық 150 орындық аурухананың жағдайын көрді. Келесі нысан Шу қаласындағы «Жайсан» тұрғын үй алқабында орналасқан тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету нысанының құрылысымен танысты. Сақалды құрылыс 2014 жылдың желтоқсанында аяқталуға тиіс болатын. Алайда, мамандардың салғырттығынан, дер кезінде құрал-жабдықтардың жеткізілмеуінен жұмыс тұралап қалған. Бүгінгі таңда мердігер «Даяна ПКФ» ЖШС–нің үстінен іс қозғалған. Келесі кезекте Еркебұлан Дауылбаев шайынды су қондырғылары және кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Мұнда құны 863 млн 600 мың теңгені құрайтын жұмыс аяқсыз қалған. Мерзім бойынша құрылыс 2012 жылдың желтоқсан айында бітіп, тапсырылуы тиіс болған. Ал нысан уақытында аяқталмағандықтан мердігер «Компания Догду Бильд» ЖШС-ға қылмыстық іс қозғалып, тиісті шаралар жүргізілуде.
Сапар соңында аудан активімен өткен жиында бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, бірқатар мәселелердің түйінін шешу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Дереккөз: Jambyl tv