Бүгінгі таңда Жамбыл ауданында 16600 тоннаны құрайтын 14 қойма бар. Олардың саны жақында ашылған астық және көкөніс сақтау орнымен тағы да толықтырылып отыр. Жаңа қоймада қазірдің өзінде шаруалардың 167 тонна алмасы сақтауға қойылды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Сыйымдылығы 2000 тоннаны құрайтын көкөніс қоймасының құрылысы сәуір айында басталып, қазан айында аяқталған болатын. Жалпы алаңы 1 га, қойманың көлемі 1980 шаршы метр. Қойма 12 жеке камерадан тұрады. Әр камерада жеке салқындатқыш, ылғалдандыратын құрал-жабдықтар қойылған. Одан бөлек жеміс – жидектен бөлінетін этилен газын көмірқышқыл газына айналдырып, бактерияларды жоятын этилен құрылғысы да орнатылғанын айта кету керек.
Аталған жобаны «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландырып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге корпорацияның тиімді шарттары да бар.
Нұрғали Сейілбеков, «Аграрлық несие корпорациясы» Жамбыл облыстық филиалының директоры:
— Біріншіден бұл ұзақ мерзімді несиелендіру, екіншіден несие төмен пайызбен беріледі. Тағы бір артықшылығы екі жылдан үш жылға дейін негізгі борышты өтеуге сыйақы қарастырылған және негізгі борыш жылына бір рет өтеледі. Сондай ақ, бізде арнайы жеңілдіктер де бар, ол үшін салынып жатқан нысанды несие алушы кепілге қоюына болады.
Биыл аудан бойынша 6645 га көкөніс дақылдары себілсе, бағбандар 660 га алма бақтарын баптауда. Мол өнім жинаған диқандарға көкөністерін бабында ұстау үшін мұндай қоймалар ауадай қажет-ақ.
Жеміс-жидек қоймасының құны 472 млн. теңгені құрады. Мұнда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жасау үшін асхана, жуынатын бөлме мен демалыс орны да қарастырылған.
Дереккөз: Jambyl tv