Облыс әкімдігінде түйінді нысаналы индикаторлардың орындалу барысы қаралды

0 1

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қаржы игерілімі, инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту және шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне cілтеме жасап.

Онда Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасында және ҚР Премьер-Министрі мен Жамбыл облысы әкімі арасындағы меморандумында қарастырылған түйінді нысаналы индикаторлардың орындалу барысы қаралды.

Айта кету керек, «Жалпы өңірлік өнімнің нақты көлем индексі» индикаторының 2018 жылға жоспарлы мәні 103,8 пайыз, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 102,5, өнеркәсіп – 104,2, құрылыс – 104,6, сауда – 103,7, көлік – 105,3, байланыс – 102,9 пайыз деңгейінде жоспарланған.

Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысымен өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 104,0 пайызды құраған. Ал, ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 103,8, негізгі капиталға салынған инвестиция 101,0 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үйдің көлемі 474,8 мың шаршы метр көлемінде қалыптасып, 119,4 пайызға айналған.

Сондай-ақ, бөлшек сауда айналымы 104,3, ал құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 102,0 пайыз деңгейінде қалыптасады деп күтілуде.

Басқосуда қаржы игерілімі, инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту және шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері де сараланды. Жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқанмен, жекелеген аудандарда тиесілі межелерге қол жеткізілмеген көрсеткіштер де жоқ емес.

Асқар Исабекұлы тиісті көрсеткішке қол жеткізе алмай отырған аудан әкімдері мен жұмысты жүйелеуде сылбырлық танытқан басқарма басшыларынан жауаптар алды. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жылдың аяқталып қалғандығын ескертіп, жылдың қорытындысы қатаң қаралатындығын жеткізді. Облыстың экономикалық әлеуетін арттыру жолында жанды жұмыстардың атқарылуы, бұл орайдағы сабақтас салаларға серпіліс керектігін қадап айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.