Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті

0 0

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, мерекелерімен құттықтады. Қ.Рысқұлбеков саябағында «Ғибрат» орталығында өткен кездесуге жиналғандар дастархан басында отырып, өңірдің руханияты туралы емен-жарқын әңгіме өрбітті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Асқар Исабекұлы қаламгерлер қауымына өңірдің әлеуметтік, мәдени дамуы туралы, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы кеңінен айтып берді. Ағымдағы жылдың табысты аяқталып жатқанын, он екі айда ауыз толтырып айтарлықтай толайым тірліктердің тыңдырылғанын жеткізді. Сондай-ақ, өңір басшысы жиналғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, келе жатқан жылдың еліміз үшін де, облыс үшін де табысты болуын тіледі.

Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы бірқатар қаламгерлерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында жазушылар «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы, Елен Әлімжан, Мақұлбек Рысдәулет, Пернебай Дүйсенбин, ақындар Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы тағы басқалар бар.

Өз кезегінде сөз алып, өз ойымен бөліскен жазушы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы ағымдағы жылы өңір үшін өркендеу жылы болғанын, көптеген игі істердің атқарылғанын айтып, оған  бас бола білген өңір басшысына деген алғысын жеткізді. Сондай-ақ, ол өңірдегі жас ақындарға қолдау керектігін, олардың шағын жеке жыр жинақтары шығарылса деген ниетін білдірді. Басқа да зиялы қауым өкілдері сөз алып, әдебиет, әлеумет, жастар тәрбиесі, мұрағат, тарих төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.

Айта кету керек, кездесуде қонақтарға облыс әкімінің қолдауымен шыққан «Жамбылдың жауқазын жырлары» атты жас ақындардың жинағы ұсынылды. Қатысқан барлық  25 ақын-жазушыға 100 мың теңгеден ақшалай сыйақы табысталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.